ЕҚЫҰ-на төрағалық барысында біз сенім, дәстүр, төзімділік сияқты ұғымдарды ұран етіп ұстаймыз - Қ.Саудабаев

АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына аймақтағы беделді держава мәртебесіне ие, өркениетаралық диалогтың лидері, жаңа заман тарихында қандай да бір қақтығыстарды немесе қайшылықтарды бастан өткермеген посткеңестік кеңістіктегі тұрақты мемлекеттердің бірі ретінде төрағалық еткелі отыр», деді бүгін Мемлекеттік хатшы- Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.

Бұл туралы ол бүгін дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанның геосаясаттағы рөлі мықты экономикаға негізделіп отыр. Біз сенімді түрде өзімізді жаһандық энергетикалық тепе-теңдікті қалыптастыратын, аймақтағы жаңа энергетикалық держава ретінде орнықтырып отырмыз. Біздің экономикамыздың тұрақтылығының кепілі ретінде еліміз әлемде алғашқылардың бірі болып өте аз мөлшердегі шығындармен жаһандық экономикалық дағдарыстан шыға білді. Біздің төрағалық миссиямыз ЕҚЫҰ-ның алдындағы үлкен жауапкершілік деп білемін. Біз аталмыш ұйымды оның аясындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге лайықты үлес қосамыз деген ұмтылыспен басқарғалы отырмыз», деді Мемлекеттік хатшы.

Бұл ретте ол Қазақстанның төрағалығы тұсында басты ұрандарының бірі төрт «т» болатындығын атап көрсетті. «Оның біріншісі «траст» яғни сенім, екіншісі «традишн», яғни дәстүр, үшіншісі «транспаренси», яғни транспаренттлік, төртіншісі «толеранс», яғни төзімділік», деді Қ.Саудабаев.