ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Астана декларациясының жүзеге асырылу перспективаларын талқыламақ - Мәскеу сапары

ВЕНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Аудрониус Азубалис 1-3 ақпан аралығына жоспарланған Мәскеу сапарының барысында Астана саммитінің қорытынды шешімдерін жүзеге асырудың перспективаларын және Литва төрағалығының жұмыс басымдықтарын талқыламақ.

Бұл туралы Ұйымның Венадағы штаб-пәтерінен хабарлады.

Ресей елордасында Аудрониус Азубалис РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен, Мемлекеттік Думаның халықаралық комитетінің басшысы Константин Косачевпен, омбудсмен Владимир Лукинмен, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен кездесулер өткізеді. Жоспарланып отырған кездесулерде ұзаққа созылған қақтығыстарды реттеудің жолдары, трансұлттық ығыттарға бірлесіп күресу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам құқықтарын сақтау мәселелері талқыланбақ.

Сапар аясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы сондай-ақ «Домодедово» әуежайында болып, 24 қаңтардағы лаңкестік құрбандарын еске алады және гүл шоғын қояды.