ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қазақстанды сайлаудың ойдағыдай өтуімен құттықтады

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Литва тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Литва Республикасының Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Аудронюс Ажубалиспен телефон арқылы сөйлесті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, әңгіме барысында А.Ажубалис Қазақстанды ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының ойдағыдай өтуімен құттықтап, сайлаудың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын және халықаралық бақылаушылардың көп қатысуын атап өтті. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

Қ.Саудабаев сұхбаттасушысына құттықтағаны үшін алғыс айтып, сайлау Қазақстанның демократиялық даму саласындағы айтарлықтай алға басуын көрсете отырып ашық әрі еркін түрде өткенін жеткізді.

Сол күні Қ.Саудабаевпен телефон арқылы сөйлескен Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль Шпинделеггер Н.Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығының болашақта дами түсетіндігіне сенім білдірді.