ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасының Жеке өкілі, Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметов Римде бірқатар кездесулер өткізді

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасының төзімділік және кемсітуге қарсы күрес мәселелері жөніндегі Жеке өкілі, Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметовтың Римде (Италия) мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктер өкілдерімен кездесуінде діни еркіндікті ілгерілету, діни тұрғыдағы, жатсыну мен нәсілдік кемсітуге қарсы іс-қимыл мәселелері сөз болды.

Кездесу ЕҚЫҰ Іс басындағы Төрағасының үш жеке өкілінің Италия мен Ватиканға биылғы бірлескен сапары аясында болды.

Киелі Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшысы, архиепископ Д.Мамбертимен кездесуі барысында кемсітуге қарсы күрес пен діни еркіндік мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылдың маңыздылығы аталып өтілді.

Д.Мамберти дінаралық үнқатысу мен конфессияаралық өзара түсіністікті орнықтыруға Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалай келіп, Қарағандыдағы католик шіркеуі құрылысының қолдау тапқаны және аяқталуына орай алғыс айтты.

Италияның мұсылман қоғамының өкілдерімен, Министрлер Кеңесінің, Италия ІІМ Діни қатынастар жөніндегі директоратының, Тең мүмкіндіктер департаментінің және Кемсіту мен нәсілшілдікке қарсы ұлттық кеңсенің сарапшыларымен кездесулерде қуғындауды, жатсыну және нәсілшілдікті мемлекеттік саясат деңгейінде жою саласындағы шаралар әзірлеу қажеттігі аталып өтілді.