ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қ. Саудабаев Оңтүстік Кавказ елдеріне сапар жасайды

АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ақпанның 14-і мен 17-сі аралығында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Оңтүстік Кавказ елдеріне, атап айтқанда Әзірбайжан, Армения және Грузия мемлекеттеріне сапары өтеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бакуге, Ереванға және Тбилисиге сапарлардың барысында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының аймақтағы үш мемлекеттің жоғарғы басшылығымен, парламент спикерлерімен және саяси партиялардың жетекшілерімен кездесулері өтеді. Келіссөздер барысында Оңтүстік Кавказдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнатудағы көкейкесті мәселелер, соның ішінде аймақтағы қазіргі жанжалдарды реттеуге жәрдемдесу, қалыптасқан проблемаларды шешудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту мәселелері талқыланады», деді А. Әбдірахманов.

Оның айтуынша, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі созылып кеткен жанжалдарды реттеуге жәрдемдесу, Оңтүстік Кавказдағы елдердің қауіпсіздігін арттыру Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығында айрықша назарда болады. Сондықтан да Ұйымның қазіргі төрағасы аталмыш өңірге сапар жасағалы отыр.