ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы: Адами құндылықтарды дәріптеу - ұйым қызметінің басым бағыты - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 7-ші Саммиті қарсаңында Шолу конференциясы басталды. Үш күнге созылатын аталған конференцияның аясында Үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті. Онда "ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу жасау", "Келешекке қажетті жобалар мен ұсыныстарды талқылау" тақырыптары бойынша бірнеше бағыттарда сессия жұмыстары ұйымдастырылды. Әлемдегі ең бір жетекші, қыз­мет ету аясы кең ұйымдардың бірі саналатын ЕҚЫҰ-ның негізгі ұс­танымдарының бірі - ол гумани­тар­лық өлшемге, яғни адами құн­ды­лықтарды дәріптеу мен ұлық­тауға негізделетіні белгілі. Ал Қа­зақстан аталған Ұйымға төрағалық ету тізгінін берік ұстаған күннен бастап осы адами өлшем бағытына айрықша назар аударып келеді», деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында. «ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы: Адами құндылықтарды дәріптеу - ұйым қызметінің басым бағыты» атты тақырыпта жарияланған мақалада Шолу конференциясының алғашқы күнінде талқыланған мәселелер турасында егжей-тегжейлі мәлімет алуға болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, биылғы жылдың қараша-желтоқсан айла­рын­да Алматы, Астана және Аты­рау қалаларынан - Ресей, Тә­жік­стан, Өзбекстан, Түркия мем­лекеттерінің қалаларына жаңа әуе бағыттары ашылады. Мәселен, "Эйр Аста­на" компаниясының ұшағы Ду­шанбе қаласының халықаралық әуежайына 21 қарашада бірінші рет қонды. Аптасына үш рет - дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күн­дері қатынайтын "Fokker-50" әуе кемесімен жолаушылар Алматыдан Тә­жікстан астанасына саяхат жа­сай алады. Сондай-ақ, биылғы жылдың 28 қарашасынан бастап Ақтау-Ыс­тамбұл-Ақтау жаңа рейсі аптасына бір рет - жексенбі күндері қа­тынайды деп жоспарлануда. Бұл рейс "Aіrbus A320" авиалайнерімен орындалады және Түркияға қазіргі уа­қыттағы бағыттық желіні толық­тырады. Биылғы жылдың 2 желтоқ­санынан бастап Алматыдан Таш­кентке сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері "Aіrbus A320" ұша­ғы қатынамақ. Сөз реті кел­генде атап айтарлығы, "Эйр Ас­тана" бұл күні Санкт-Петербургті Алматы қаласымен жалғастырмақ, яғни, Алматыдан Пульково әуежайына "Aіrbus A320" ұшағы апта­сына екі рет, сейсенбі және бей­сенбі күндері қатынайды. Биылғы жылдың 8 желтоқсанында Ека­те­ринбург-Астана-Екатеринбург рейсін ашу жоспарлануда, ол "Fokker-50" ұшағымен сәрсенбі және жексенбі күндері орын­да­ла­ды. Сонымен Ресейге ұшатын ұшақ­тар саны беске дейін кө­бейтілді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жаңа әуе бағыттары ашылды» атты мақаладан біле аласыздар.

***

«Орынбор... Осы қала жөнінде саналы қазақты әрдайым екіұдай сезім билейтіні сөзсіз. Әрі қарға адым жердегі, әрі қашық Орынбор. Әрі жақын, әрі жат Орынбор. Қарға адым жер дейтініміз, Орал мен Орынбордың арасы пәлендей қашық емес, айналдырған 300 шақырымның шамасы. Қашық дейтініміз, бір кездері Алаштың арыстарының қазақ елін дербес мемлекет қылу жөніндегі аяулы арманын тербеткен қалаға бүгіндері екі бірдей мемлекеттің әрі шекаралық, әрі кедендік тексерулерінен өтіп барып жетесіз. Ал Орынборды жанымызға ерекше жақын тұтатынымыз, бұл қала ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ автономиясының, яки қазіргі заманғы қазақ мемлекеттілігінің алғашқы астанасы. Сөйткен Орынбор қазір Ресейдің құрамында, орман-орыстың құшағында. Қайыр-хош, зады, есті кісі ескі жараны тырнамас болар...», деп жазады «Айқын» бүгінгі санында. «Алаш қайраткерлері Ресейде ардақталды» атта тақырыпта жарияланған мақаладан таяу күндері Орынборда Алаш ардақтыларына көрсетілген құрмет жайлы оқи аласыздар.

Сондай-ақ «Айқын» бүгінгі санында жағымды жаңалық жеткізіпті. Бір жаздағы екпінді құрылыс барысында бой көтерген 535 үй, 3 мектеп және 4 емхананы сапарға қатысқандар өз көздерімен көріп, аймақтағы ілкімді істерге куә болды. Атап айтқанда «Айқын», «Литер», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты бірнеше республикалық газеттердің басшылары Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге пресс-тур тобын құрып, Шығыс өңіріндегі Тарбағатай, Күршім және Зайсан аудандарын аралады. Су тасқынынан кейін биыл бір Жәнтікейдің өзіне 191 үй салынса, малынан айырылған халыққа несие тәртібімен 350 миллион теңгенің малы берілетін болды. Бұл туралы «Бір жаздағы екпінді құрылыс» атты мақалада айтылған.

***

Газеттің бүгінгі санында ҚР Мәжіліс депутаты Амангелді Момышевпен сұхбат жарияланған. Сұхбат «Мен гендерлік саясатқа қарсымын» деген тақырыппен берілген. Депутаттың пікірінше, қазір қаншама қыздарымыз жар құшып, бала сүйместен қартайып жүр. Бірақ өзіміздің дәстүрімізден бар нәрседен теріс айналып, батыс елдердің ұстанымдарын қабылдап жатырмыз... «Жас кезімде болса, жұртқа үлгі боларлықтай қадам жасар едім. Менің өз атамның үш әйелі болған. Сол үш әйелден тараған ұрпақ ағайын-туған болып, араласып кеттік. Бұл - барша қазақ үшін қалыпты құбылыс»,-дейді сұхбатында А. Момышев. Сұхбаттың толық нұсқасымен танысқыңыз келсе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша,кеше Астана уақытымен сағат 10:46-да Қостанай облысы Арқалық қаласынан 70 шақырым жерге Халықаралық ғарыш стансасының «Союз-ТМА-19» кемесінде болған 25-экспедиция келіп қонды. Жоспар бойынша кеме экипажы жерге 30 қарашада оралуы тиіс еді. Алайда Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне байланысты бұл шара 26 қарашаға ауыстырылған. Бұл жайында білгіңіз келсе «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Ғарышкерлер Арқалыққа қонды» атты мақаланы оқыңыз.


***
«Казахстанская правда»
басылымының хабарлауынша, өлім-жітімнің және ауру-сырқаудың негізгі үлесі қан айналамы жүйесінің асқынған дерті салдарынан болады. Осының негізінде темекі шегу, арақ-шарап салдары, сондай-ақ дұрыс тамақтанбаудың әсері жатыр. Сонымен қатар бұл жаман әдеттің алдын алуға бағытталған спорттық және сауықтыру орталықтары бүгінде халық үшін толықтай қол жетімді емес. Бұл мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санындағы «Основа благополучия. Сегодня и всегда» атты мақаладан білуге болады.