Кеңеске арқау болған негізгі тақырып - Қарт Құрлықтағы қару-жарақтарды бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Германия мен Франция басшылары ЕҚЫҰ-дағы сенім дағдарысы еңсерілгенін, қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру керектігін бұған дейін мәлім еткен болатын, деп жазады Вести.Ru сайты.
ЕҚЫҰ елдерінің басшылары соңғы рет осыдан 11 жыл бұрын бас қосқан еді. Сарапшылар саммиттердің арасындағы үзілістің ұзаққа созылуын қатысушы елдердің көзқарастарындағы қайшылықтармен түсіндіреді, қалай дегенмен Еуразия мен Атлантиканың 56 мемлекеті біріккен ұйым ғой. Осылайша, Астанадағы саммит жаңа ғасырда, жаңа мыңжылдықта және «қырғиқабақ соғыс» туралы барлық естеліктің орнына лаңкестік пен аймақтық қақтығыстар сияқты ығыттар келген жаңа әлемдік жағдайда өтіп отыр.
Еуропадағы қауіпсіздік бүгінде тек оның аясымен шектеліп отырған жоқ. Сондықтан да саммитке халқының аманатын арқалап келген Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Таулы Қарабақ проблемасының салқынын ұмыта қоймаған Әзірбайжан мен Армения президенттері де қатысты. Еуропа мен Азияның басын қосып отырған Ресей болса, бірігу бастамасын көтерді.
«Көтеріп отырған бастамаға көрсетіп отырған қолдауларыңызға алғысымды білдіремін. Өткеннен қалып қойған қасаң қағидалар әлі де күшін жоя қоймаған шығар және бүгінгі менің бастамам мерзімінен бұрын жасалып отырған шығар, бірақ ерте ме, кеш пен бұл келісімшарттың уақыты келетініне менің күмәнім жоқ. 35 жыл бұрын, «қырғиқабақ соғыстың» кезінде біздің ізашарларымыз идеологиялық қайшылықтарды ұмытып, өз дәуіріндегі революциялық шешімді қабылдаған болатын. Бүгінде ешқандай идеологиялық тосқауылдар жоқ, әскери қарсылықтар да жоқ. Бүгінгі проблемаларды шешу үшін біз біріге аламыз және солай етуіміз керек»,- деп мәлім етті Ресей Президенті Дмитрий Медведев Астанада сөйлеген сөзінде.
ЕҚЫҰ саммитінің болашағын мемлекет басшылары қол қоятын Бірлескен декларация анықтайтын болады. Қалай болғанда да, Астана саммиті тарихқа ЕҚЫҰ-ның Еуропадан тысқары жерде өткізілген бірінші мәжілісі ретінде кіреді.
Ал Астана болса - бұл күндері Саммит есімді ұл бала дүниеге келген жер ретінде танылды. Дүниеге жаңа келген немересіне ата-әжесі Саммитхан деген есім беріп отыр.