ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында: «Астана саммиті Ауғанстанды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге қуатты серпін бере алады»

АНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Алдағы 1-2 желтоқсан күндері елордада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтеді. Саммит қарсаңында «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және Астана Саммитіне арналған барынша қызықты әрі өзекті материалдарға шолуын ұсынады.

«Саммит - Елбасы саясатының салтанаты». «Егемен Қазақстан» газетінің 24 қарашадағы нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақаланың авторы - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры, "Нұр Отан" ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Дархан Кәлетаев. Автор мақаласында аз ғана тарихи уақыттың ішінде аяғынан тік тұрып, тәуелсіз, бақуатты мемлекет құрып қана қоймай, әлемдік қауымдастықтың ортасынан лайықты орын алған Қазақстан сияқты ел сирек екендігіне баса назар аударған. «Қазақстан осы бастамаларының аясында Еуропамен де қатынасын әбден нығайтты. Қазақстанның сыртқы саясатта әрдайым тең құқылы, орнықты, ашық әрі бейбіт саясат ұстанып отырғанына Еуропаның да, АҚШ пен Қытайдың да, өзге мемлекеттердің де көздері жетті. Біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыз экономикалық қана емес, саяси тұрғыда да жаңа белеске көтерілді. Н.Назарбаевтың халықаралық сарабдал саясаты туралы айтқанда, біз осы жайттарды бірінші қатарға қоюымыз керек. ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның тізгінін Қазақстанға ұстату арқылы әлемдік қауымдастық Қазақстанның, Қазақстан Президентінің әлем алдындағы беделі мен белсенділігін танып, қуаттап отыр. Тиісінше, Қазақстан төрағалық еткен бір жылдың ішінде ЕҚЫҰ-ның беделі мен белсенділігі де мейлінше артты. Астана Саммиті Қазақстанның тарихи төрағалығының жарқын көрінісі, жемісті нәтижесі болмақ», - дейді Д. Кәлетаев.

«Айқын» газетінің 23 қарашадағы нөмірінде «Астана саммиті Ауғанстанды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге қуатты серпін бере алады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға осыдан біраз күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Португалия астанасы Лиссабондағы Солтүстік-атланттық әскери ұйымның (НАТО) саммиті арқау болған. Басылымның жазуынша, ҚР Президенті саммиттің ауған тақырыбы бойынша кеңесіне қатысқан. Н.Назарбаев өз сөзінде Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының алғашқы күндерінен-ақ ауған тақырыбын өзінің басымдықтарының бірі деп жариялағанын атап көрсеткен. "Бұл табиғи қадам еді, өйткені Қазақстан қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштеріне қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет бола отырып, халықаралық коалиция күштеріне көп жылдан бері қолдау көрсетіп келеді», - деп атап өткен Мемлекет басшысы.

«Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 7-нші Саммиті қарсаңында Шолу конференциясы басталды. Үш күнге созылатын аталған конференцияның аясында Үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті. Онда "ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу жасау", "Келешекке қажетті жобалар мен ұсыныстарды талқылау" тақырыптары бойынша бірнеше бағыттарда сессия жұмыстары ұйымдастырылды. Әлемдегі ең бір жетекші, қызмет ету аясы кең ұйымдардың бірі саналатын ЕҚЫҰ-ның негізгі ұстанымдарының бірі - ол гуманитарлық өлшемге, яғни адами құндылықтарды дәріптеу мен ұлықтауға негізделетіні белгілі. Ал Қазақстан аталған Ұйымға төрағалық ету тізгінін берік ұстаған күннен бастап осы адами өлшем бағытына айрықша назар аударып келеді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті 27 қарашада жарық көрген «ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы: Адами құндылықтарды дәріптеу - ұйым қызметінің басым бағыты» атты мақаласында.

«Айқын» газетінің 26 қарашадағы нөмірінде ҚР-ның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Дәненовтен алынған сұхбат «Франция ЕҚЫҰ саммитіне қолдау көрсетеді» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген Елші: «Бүгін біз Франциямен жаңа, сапалы деңгейдегі ынтымақтастықтың принципиалды қатысушысы және куәгері болып отырмыз. Бұл ретте Н.Назарбаев пен Н.Саркозидің арасындағы жеке бас факторы, достық және сенім негізіндегі өзара қатынасы екі ел стратегиялық әріптестігінің дамуында айқындаушы мән-мағына ойнайды. Осы мән-жайдың арқасында барып Франция Қазақстанның тиісті Келісім-шартқа қол қойған Батыс Еуропадағы бірінші елі болды. Тек Халықаралық аренада тәжірибелі, нәтижелі және беделді саясаткер Президент Н.Назарбаевпен Франция басшысы әлемдік саясат және қауіпсіздіктің көкейкесті проблемалары бойынша тұрақты түрде диалог жүргізуге мүдделі», - дейді.

Санаулы күндерден кейін қазақ елінің төрінде өтетін ЕҚЫҰ Саммиті дүниежүзілік БАҚ-тың назарына іліккеніне біраз уақыт болды. Осынау айтулы тарихи бас қосуды өткізгелі отырған еліміздің саяси, экономикалық, мәдени жетістіктері оларда жиі көтеріліп, әлем жұртшылығына паш етілуде. «Егемен Қазақстан» газетінің 26 қарашадағы нөмірінде солардың бірпарасы жарық көріп отыр. Мәселен, EuroNews басылымының жазуынша, РФ-ның ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Ануар Азимов саммиттің Қазақстан ұсынып отырған қорытынды құжатындағы басымдықтарды Ресейдің қолдайтындығын жеткізген. Ал Итар-ТАСС агенттігі былай деп жазады: «Саммит өтетін күндері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау үшін Астанада 557 құтқарушы адамдар мен 95 техника және Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 тікұшағы жұмыс істейтін болады».

«Алаш айнасы» газетінің 25 қарашадағы санындағы «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылмен арадағы сұхбат «БҰҰ-ның күші әлсіреген шақта, ЕҚЫҰ-ның ықпалы күшеюі жаһан үшін ауадай қажет» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Алаш елі алда тұрған оқиғаның мән-мазмұнын, оның ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге, одан тыс мемлекеттерге тигізетін игі ықпалын алдын ала терең сезіне де бермеспіз. Бір ақиқаттың басы ашық: бүгінде Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті жаһанға жаққан, әлемді үндестік пен өзара сенімге бастаған тың идеяларымен халықаралық биікке көтерілсе, күні ертең Астана Қазақ елінің төрінен ғаламның төріне айналады»,- дейді.

«Гаагада (Нидерланды Корольдігі) Қазақстан елшілігінің бастамасы бойынша кеше болған конференцияда этнодіни пікір алуандығы мен көші-қон мәселелері талқыланды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті 26 қарашадағы санында. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында ұйымдастырылған шараға Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов бастаған қазақстандық парламентшілер белсенді түрде қатысуда. Конференцияда Қазақстан делегациясының басшысы А.Бижанов негізгі баяндама жасады. Талқыланып отырған тақырыптың өзекті екенін атап өте келіп, сенатор "толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуіндегі негізгі басымдық және "қосымша құн" ретінде қарастырылатынын" айтты. Сонымен қатар ол ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кездегі Қазақстанның бастамалары туралы айта келіп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту саласындағы мемлекеттік саясат мәселелеріне тоқталды», -деп жазады басылым.

«Тренд» Әзірбайжан ақпарат агенттігі 26 қарашада ЕҚЫҰ жанындағы Литваның тұрақты өкілі Ренатас Норкустің «Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы өз төрағалығын өте сауатты әрі кәсіби тұрғыда атқаруда. Әрі біз барлығымыз үйренудеміз», - деген сөзін жария етті.

Оның пікірінше, Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу - Қазақстан Президенті мен Үкіметінің өте зор еңбегі. Сондай-ақ Р.Норкус Астана саммиті өзіне жүктелген сенімді ақтайтынына әрі осыдан кейін ұйымның қуаттана түсетіне үміт артқан.

«CA-NEWS» ақпараттық-жаңалық порталы 27 қарашада «ЕҚЫҰ Қазақстанның адам саудасымен күресу жұмыстарындағы жетістіктерін ескереді» деген ақпарат жарияланды. Бұл туралы Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясының баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі және үйлестірушісі Мария Грация Джиаммаринаро айтқан.

«ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы адам саудасымен күресті өз төрағалығының саяси басымдықтарының біріне айналдырды. Бұл Қазақстанның төраға ретінде осы проблемамен тиімді әрі жоспарлы күресу қажеттігін түсінгендігін білдіреді. Біз болашақ төрағалар да осы бағыттарда жылжып, Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін дамытатындықтарына сенім артамыз», - дейді ол.