ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында елорданың «Сарыарқа» ауданындағы меймандарды қабылдайтын нысандар тексерілуде

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында елорданың «Сарыарқа» ауданындағы меймандарды қабылдайтын нысандар тексерілуде

«Алдағы өтетін ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында елордадағы «Сарыарқа» ауданына қарасты 31 нысанды (қонақүйлер, мейрамханалар) тексердік. Қазіргі кезде 11 нысан меймандарды қабылдауға 100 пайызға дайын», - деді елорданың «Сарыарқа» аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Марғұлан Аманбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл тексерістің негізгі талабында меймандарды қабылдауға арналған нысандардың өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы, қосымша есіктердің ережеге сәйкес орнатылуы, сондай-ақ шетелдік қонақтарға түсінікті болуы үшін нысан жоспарының қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жазылуы секілді шарттар ескерілген.

«Бұл жұмыстар қауіпсіздік шаралары тұрғысында атқарылып жатыр. Осыған орай 31 нысанның 21-індегі кемшіліктерді жою үшін 15 қарашаға дейін ұйғарымдар жасадық», - деді ол. М. Аманбаев бүгінде даярлық деңгейі өте төмен екі қонақүйдің ісі экономикалық сотқа әзірленгенін жеткізді. Бұл қонақүйлерде өрт қауіпсіздігі талаптары тұрығысындағы шаралар атқарылмаған көрінеді.

«Атап айтқанда, қазіргі кезде ЕҚЫҰ Саммиті мен қысқы Азиада өтетін нысандарда ауқымды оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде», - деді басқарма бастығы.