ЕҚЫҰ САММИТІ ҚАРСАҢЫНДА: «Қатардағы мүшеден төрағалыққа дейін»

АНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Алдағы 1-2 желтоқсан күндері елордада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтеді. Саммит қарсаңында «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және Астана Саммитіне арналған барынша қызықты әрі өзекті материалдарға шолуын ұсынады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Францияға сапары аясында 27 қазан күні аталған елдің саяси, іскер, интеллектуалдық топтары және БАҚ өкілдерімен кездесті. Шара аясында француз публицисі Пьер-Люк Сегийцонның «Қазақстан - Еуразия түпқазығы» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. «Егемен Қазақстан» газеті 30 қазандағы санында аталмыш кітапта басылған Елбасы Н.Назарбаевтың сұхбатын оқырман назарына ұсынды. «Орталық Азияда баршаны қамтитын қауіпсіздік мәселесі Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуалға тікелей байланысты. Бұл екі мемлекетке көмек көрсету талап етіледі. Мұндай қажеттілік бар болып тұрған кезде біз ондай көмекті көрсетуге міндеттіміз. Бұрынғылар айтқанындай, көмек көрсету - бұл қазіргі бар немесе мүмкін болатын бәлеге қойылатын тосқауыл. Тұтастай алғанда біз Саммит ЕҚЫҰ-ның дамуындағы жаңа кезеңнің басы болатынына сенімдіміз. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің көшбасшылары келеді. Біз жемісті үнқатысуға келеді деген үміттеміз», - дейді Н.Назарбаев жоғарыдағы кітапта басылған сұхбатында.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуроодақ елдеріне (Бельгия Корольдігі мен Француз Республикасы) жасаған ресми сапарының қорытындылары әлемдік БАҚ-тардың қызығушылығын оятып, қоғамдық резонанс тудырды. Мәселен, француздық Le Monde Dіplomatіque газеті Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етіп жатқанын және біздің елдің Орталық Азия аймағында тұрақтылықтың сақталуында маңызды рөл атқаратынын атап көрсеткен. "Бұл ел кең құлашты және серпінді даму үстіндегі халықаралық саясат жүргізіп келеді. Көптеген аса маңызды ғаламдық бастамалар Н.Назарбаевтың өз ойы арқылы шығуда", - делінген мақалада.

Сондай-ақ француздың "Valeurs actuelles" журналында да Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың көлемді сұхбаты жарияланды. Басылым тілшісінің сауалдарына терең әрі мағыналы жауап берген Елбасы: «Қазақстан - ЕҚЫҰ-ға төраға бол­ған бірінші азиялық мемлекет. Біз үшін бұл әрі жоғары құрмет, әрі үлкен жауапкершілік. Біз бұдан ЕҚЫҰ елдерінің, бүкіл халықаралық қоғамдастық сияқты, біздің өңірге деген көзқарастарын өзгертуінің жақсы мүмкіндіктерін көреміз. Орталық Азияның экономикалық әлеуетінің мол екендігі маған мәлім - мұнда табиғи және еңбек ре­сурстары, өнеркәсіптік инфрақұры­лымдар бар. Бірақ, екінші жағынан, осы әлеуетті жүзеге асыруға кедергі келтіретін объективті себептер де бар. Ең алдымен, өңірдегі тұрақты­лық­ты нығайту қажет. Ауғанстан шие­леністер мен түрлі қатерлердің басты ошақтарының бірі болып қа­лып отыр. Біз ЕҚЫҰ осы бағыттағы жұмыстарын кеңейте түсуі керек деп есептейміз. Осыған байланысты, шіл­деде Венада Есірткі мен прекур­сор­ларды заңсыз таратуға қарсы күрес­тегі бірлескен іс-қимылдар жөніндегі ЕҚЫҰ конференциясының табысты өткенін атап көрсетпекпін», - дейді.

Елбасы Францияға сапары кезінде сол елдің «Интернешнл Геральд Трибьюн» газетіне де сұхбат берді. Сұхбаттың қазақшаға аударылған нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінің 29 қазандағы нөмірінде «Адамзаттың болашағы тіл табысу шешімдеріне байланысты болады» деген тақырыппен жарияланды. Француз тілшісінің сауалдарына берген жауабында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазақстанның бастамасын қолдау ЕҚЫҰ-ның барлық елдерінің қазіргі бар келіспеушіліктерді еңсеруге, Еуратлантика және Еуразия кеңістігінде қауіпсіздіктің ортақ та ажырағысыз қоғамдастығын құру мақсатында Ұйымды нығайтуға деген саяси ерік-жігерін көрсетіп берді. Қазақстан өз төрағалығының бір қағидаты ретінде ЕҚЫҰ-ның қалыптасқан дәстүрлерін жалғастыруды жария етті, өйткені, ол дәстүрлер осы Ұйым рухын іске асырады. Бұл тұрғыда ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымын бізден қабылдап алатын мемлекетке ЕҚЫҰ-ның барлық "себеттері" бойынша жұмысты жалғастыруды тілер едім», - дейді.

Сондай-ақ «Айқын» газетінің 29 қазандағы нөмірінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиуден алынған шағын сұхбат «Саммит ұйымның саяси маңызын арттырады» деген тақырыппен берілді. «ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанда өткен сайлау жөніндегі қорытындылары жарияланды. Меніңше, бұл - жақсы әрі анық мәлімдеме. Сайлауды бақылауға қатысып, онда өзіміздің Орталық Азия бойынша өте белсенді арнайы өкіліміз Киммо Кильюненнің болуы, біздің ойымызша, қазіргідей айрықша қиын жағдайда Қырғызстанның демократиялық дамуына өз үлесімізді қоса алатындығымызды көрсетеді», - дейді тілші сұрағына берген жауабында П. Эфтимиу.

«Егемен Қазақстан» газетінің 27 қазандағы санында жазушы Сарбас Ақтаевтың «Астана саммиті - арналы істің басы» атты мақаласы жарияланды. «Астана саммиті сияқты беделді жиынның ұйымдастырылуы ұйымның өзі үшін өте-мөте қажет болып жүр еді. Өйткені оған көптен бері бір күшті серпіліс пен сілкініс керек болатын. Астана саммиті соған мол мүмкіндік бергелі отыр. Оның ұйымды дүр сілкіндіріп, жаңа өрістерге шығаратынында күмән жоқ. Астана саммиті Мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерінің жаһандық жаңа қатерлерге қарсы тұруға бағытталған еуроатлантикалық һәм еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас қоғамдастығын қалыптастыру тұжырымдамасын жақтайтынын тағы да нықтай түседі. Әтпесе ол қатерлердің беті мемлекеттердің жеке-дара күш-жігерімен ғана қайтпайды, оған ұжымдық іс-қимыл қажет», - дейді С. Ақтаев мақаласында.

Еліміз өз төрағалығы барысында ЕҚЫҰ-ның 11 жылдай жалғасын таппаған дәстүрлі саммитін қайта жандандырып, ойдағыдай өт­кізу­ге бар мүмкіндігін жұмылдырып жатыр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын қиялдай көрінген төрағалық та, саммит те нәсіп бол­ған Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен әріптестік тарихы қалай өрбіді? Елі­мізде төрағалық аясында қандай мекемелер мен орталықтар құрыл­ды? Бұл сауалдарға жауап «Алаш айнасы» газетінің 26 қазанда жарық көрген «Қатардағы мүшеден төрағалыққа дейін» деген мақалада берілген. Басылымның жазуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның табалдырығын аттаған 18 жыл ішінде қатардағы мүше елден белсенді қатысушыға айналып, төрағалық тізгінін қолға алумен бірге, саммитті ұйымдасты­ру­ға бел буып отыр. Бәлкім, алдағы Астана сам­митінен кейін Елбасы көтергендей, ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі орталығы секілді елімізде ЕҚЫҰ-ның маңызды органы құрылып қалуы ық­ти­мал. Елімізде ұйыммен байланысты мекемелер өмірге келді. Мәселен, Сыртқы істер министрлігінде арнайы ЕҚЫҰ депар­та­менті жұмыс істесе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ынтымақтастық және қауіпсіздік институты ашылды. Қазақ елінің ЕҚЫҰ-мен тығыз әріптестік қарым-қатынасы төра­ғалық мерзімі түгесілгеннен кейін де үзілмейді.

29 қазанда әзірбайжандық AZE.az порталында «Әзірбайжандағы Түркия Елшісі Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті туралы мәлімдеме жасады» деген ақпарат жарияланды. Порталдың атап өтуінше, түрік елшісі Хулуси Кылыч Түркияның желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінде Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ кикілжіңін реттеуге байланысты байсалды қадамдар жасалатынына сенім артатындығын білдірген.

Ал 30 қазанда «Новости Беларуси» деп аталатын Беларустың ақпарат агенттігінде аталған елдің Президенті Александр Лукашенконың Брест облысына жұмыс сапары барысында Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысты айтқан пікірі жарияланды. «ЕҚЫҰ қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелерімен айналысуы керек. Ал біз ЕҚЫҰ-ны қандай мәселелер бойынша білеміз? Сайлау, келді, бақылады, бірдеңелер жазды. Болды! Бұдан кейін ЕҚЫҰ-ны көрмейміз де, естімейміз де. Сондықтан ол өзінің жарғылық қызметтерін реформалауды және орындауды қажет етеді», - депті Беларус президенті.

«Страна и мир» газетінің 30 қазандағы нөмірінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Грузия мен Оңтүстік Осетияның Эргнети/Двани оқиғаларын болдырмау және олар бойынша әрекет жасау тетігі ауқымында өткізілген кездесуге қатысқандығы баяндалған. Онда Қ.Саудабаев мәлімдеме жасап, ЕҚЫҰ ұсынып жатқан гуманитарлық жобалар бойынша аймақтағы жұмысты үдету керектігіне сенім артатындығын білдірген. Ол тиісті тараптарды, әсіресе ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті қарсаңында жауапты және сындарлы қызмет етуге шақырған.