ЕҚЫҰ Саммиті кезінде Астанада базарлардан басқа азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтары қалыпты кесте бойныша жұмыс істейді

АНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ Саммиті өтетін 1-2 желтоқсан күндері Астанада базарлардан басқа, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтары қалыпты кесте бойынша жұмыс істей береді. Бұл туралы өзінің жеке блогында қала тұрғындарының сауалдарына жауап берген Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

«Азық-түлік дүкендері, дүңгіршіктер мен өзге де сауда орындарының жұмысына қатысты ешқандай шектеулер қарастырылып отырған жоқ. Бірақ қаладағы 24 базар 29 қарашадан бастап 2 желтоқсанға дейін жұмыстарын тоқтатып, санитарлық және техникалық күндерге жабылады», - деп атап өтті әкім.

Сонымен бірге қала басшысы, 1-2 желтоқсан күндері елорда аумағынан шыға беріс жол жабылмайтынын, бірақ өзге қалалардың көліктеріне қалаға кіруге шектеулер қойылатындығын айтты. Бұл ретте, коммуналдық қызметтердің технологиялық көліктерінен өзге, жүк көліктеріне қала ішімен жүруге тыйым салынады.

Сондай-ақ, 30 қараша күнінің екінші жартысынан 3 желтоқсанның таңына дейін келесі көшелердің кейбір бөліктері уақытша жабылып отырады: Әуежайы күре жолы; Түркістан көшесі; Сығанақ, Сарайшық, Момышұлы, 1-ші жол; Тұран; Қабанбай батыр даңғылы; Қорғалжын тас жолы; Сарыарқа; Абай, Уәлиханов; Тәуелсіздік даңғылы.

Аталмыш көшелер жабылған уақытта азаматтарға келесі бағыттарды пайдалануға кеңес беріледі: Пригородный кентінің ішімен әуежайдың айналма жолына дейін, Тұран даңғылынан - Сығанақ, Орынбор, Тәшенов көшелері арқылы оң жағалауға шығуға болады.

Жаңа әкімшілік орталықта тұратын адамдарға сондай-ақ, Сығанақ көшесі ашық болады. Ол арқылы Керей мен Жәнібек көшесімен Тельман кентіне дейін, одан ары ауыл іші жолымен «Оңтүстік» айналма жолына шығып Абылайхан даңғылы мен Қорғалжын тас жолына жетуге болады.

Тағы бір бағыт - Тұран даңғылы мен Достық көшелері арқылы Комсомол кентіне, одан ары Қорғалжын тас жолына шығып, Күмісбеков, Сейфуллин көшелері арқылы кез-келген бағытта қозғалуға болады.

Онымен бірге И.Тасмағамбетовтың айтуынша, 29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында ЕҚЫҰ саммиті өтетін «қызыл аумаққа» алып келетін жолдардың қозғалысына шектеулер қойылады. Олар - А.Байтұрсынов (41 көше), Нәжімеден (42), Тәуелсіздік даңғылы (Сығанақ көшесінен Сарайшыққа дейін), Обаған көшесі (39), Сығанақ (М-3 көпірінен Тәуелсіздік даңғылына дейін) және Сарайшық көшесі (Б.Момышұлынан Айнакөл көшесіне дейін).

Бұл аумаққа тек ЕҚЫҰ саммитінің делегацияларына қызмет етуші көліктер арнайы рұқсат қағаздары арқылы кіре алады. Ал «қызыл аумаққа» енген «Хайвилл», «Гранд Астана», «Қалалық романс» тұрғын үй кешендерінде тұратын 850 автокөлік иелеріне Астана қаласының ІІД Жол полициясы басқармасының қызметкерлері рұқсат қағаздарды әрқайсысының үйіне апарып тапсыратын болады. «Хайвилл» ТК аумағынан шығу Сарайшық көшесімен Б.Момышұлы даңғылы арқылы, Тәуелсіздік, Абылай хан даңғылдары арқылы басқа бағыттар бойынша жүзеге асырылады. «Гранд Астана» мен «Қалалық романс» ТК-дан - Сығанақ, Орынбор, Тәшенов және басқа бағыттар арқылы.

Бұл ретте, әкім 26-29 қараша күндері қаланың басқа аумақтарында қозғалыстарға шектеу қойылмайтынын қадап айтты. Тұрғындардың сауда-ойын сауық кешендеріне, сауда орталықтары мен медициналық мекемелерге жүріп-тұруы еркін болады.