ЕҚЫҰ саммиті мен VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында «Астана» халықаралық әуежайында оқу-жаттығулар өтті

АСТАНА. Қазанның 7-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ саммиті мен VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында әуе тасымалдау құрылымдарының әртүрлі төтенше жағдайларға дайындық күйін тексеру мақсатында кеше, қазанның 6-сы күні «Астана» халықаралық әуежайында оқу-жаттығулар өтті. Шара санитарлық эпидемиологиялық, көліктегі желілік ішкі істер бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметтерінің қатысуымен өтті.

Оқу-жаттығу «Белгісіз этиологиядағы ауру шыққан кезде шұғыл сақтандыру, эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбымен өтті. Оның сценариі бойынша «Ыстамбұл - Астана» бағытымен ұшып келе жатқан ұшақтың командирінен Астана әуежайының диспетчерлік қызметіне бортта дене қызуы көтеріліп, қатты ауырып келе жатқан адамның бары туралы ақпарат келіп түседі. Экипаж мүшелері мен жолаушылардың жалпы саны 94 адам екені айтылады. Диспетчер қызметкері хабарды алысымен тиісті органдарға хабарлап, олар ұшақты жедел тосып алып, тиісті сақтандыру, тексеру жұмыстарын жүргізеді.

«Әлемде жұқпалы аурулар жағдайы тұрақсыз бірқатар өңірлер бар. Бізде бүкіл әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отыратын ғылыми-практикалық орталық бар. Оқу-жаттығуға барлық құрылымдардың әрекет етуін қажет ететін ауру түрін алдық. Республика астанасында желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында өтетін бірқатар ірі шараларға дайындық аясында мұндай бірнеше жаттығуды өткізуді көздеп отырмыз. Бірінші жаттығу елорданың басты әуе қақпасы - әуежайда өтті», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов.

Н.Сәдуақасовтың айтуынша, әуежай мен денсаулық сақтау саласының қызметтері өздерінің әртүрлі төтенше жағдайларға жоғарғы дайындық күйін бұған дейін де көрсеткен болатын. «Естеріңізде болса, өткен жылы Ұлыбританиядан «шошқа тұмауы» диагнозымен 17 студент келген болатын. Медиктер жоғары деңгейде әрекет етті. Ата-аналарымен көріспестен барлығын бірден оқшаулап, жұқпалы ауруханаға жеткізді. Бізде адам өлімімен аяқталған бірде-бір оқиға болған жоқ», - деді.

Айта кетейік, Астана халықаралық әуежайына күнделікті барлық өңірлерден халықаралық рейстермен 10 мыңнан астам жолаушы келеді. Оның ішінде 3200 - бірқатар аса қауіпті инфекция түрлері бойынша жағдайы тұрақсыз Оңтүстік-шығыс Азия елдерінен келеді.