ЕҚЫҰ Саммиті өткізілетін кезеңде қазақстандық полиция күшейтілген жұмыс режіміне көшеді

None
СТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Мұрат Жәкеев/ - Астанада желтоқсанның 1-2-сі күндері өтетін ЕҚЫҰ мүше-елдері мемлекет басшыларының Саммиті кезінде қазақстандық полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді. Бұл туралы бүгін Астана ІІД-де өткен баспасөз брифингі кезінде қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай айтты.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа Астана ІІД өзінің шатындағы қызметкерлермен қатар республиканың басқа да аймақтарынан қосымша қызметкерлер тартады.

«ЕҚЫҰ қатысушы елдері мемлекет басшыларының Саммитін өткізу кезінде 4 000-нан астам полиция қызметкерлерін тарту көзделіп отыр, оның 2 мыңнан астамы республиканың басқа да аймақтарының полицейлері. Олар Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарының полицейлері болмақ», - деді Б.Есенбай.

ІІД өкілі баспасөз брифингі барысында Астанада желтоқсанның басында болатын Саммитке ЕҚЫҰ қатысушы-елдерінің 50-ден астам президенттері мен мемлекет басшылары, сондай-ақ 12 әріптес елдердің және 55 халықаралық ұйымның өкілдері, ЕҚЫҰ хатшылығының 110 қызметкері және 800-ге тарта оларға еріп жүрген адамдар келеді деп күтілуде.

Астана ІІД мәліметтеріне қарағанда, Саммитке келетін қонақтардың жалпы саны 5 мыңнан астам адамды құрайды.

«Астанадағы Саммиті өткізу қарсаңында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ІІД басшылығы барлық қажетті шараларды қолға алады», - деді полиция өкілі.