ЕҚЫҰ саммитінде пайдаланылатын нысандар ТЖМ тарапынан қатаң тексеруге алынды

СТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ЕҚЫҰ Саммитінде пайдаланылатын елорданың барлық нысандары еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан қатаң тексеруге алынды. Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен онлайн-конференция барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мәлім етті.

Бұл орайда өндірістік қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда өрт қауіпсіздігі жүйесі, лифт шаруашылығы сынды негізгі мәселелер министрлік құзеретіне жататындығын айтқан ол: «Біз қазіргі уақытта ЕҚЫҰ барысында пайдаланылатын әрбір нысанның қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, нұсқаулықтар береміз. Оқиға барысында атқаратын хабарландыру, қауіпсіз жерге көшіру сынды іс-шараларды пысықтаймыз», -деді.

Сондай-ақ, министр ЕҚЫҰ қарсаңында министрліктің күшейтілген кезекшілік нұсқасына көшетіндігін әрі әрбір нысанда өз өкілдерінің отыратындығын баса айтты.