ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты желтоқсанның 5-іне дейін өзге өңірлерден келген автокөліктер Астана қаласына уақытша тіркеуге алынбайды

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты желтоқсан айының 5-іне дейін елордада өзге өңірлерден келген автокөліктерді уақытша тіркеуге алу жүргізілмейді. Бұл туралы бүгін он-лайн конференция барысында азаматтардың сауалына жауап берген қалалық Жол полициясы басқармасының бастығы Бақытгелді Айқымбеков мәлім етті.

ЖПБ бастығына жолданған сауалда: «Алматы қаласында тіркелген көлікті 2010 жылғы қазанның 6-сынан бастап Астана қаласына уақытша тіркеуге қоймақ болдым. Бірақ өтінішім ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығына сілтеме жасалып қабыл алынбады. Енді не істеуге болады және уақытша тіркеуді жасатудың қажеттілігі бар ма?», - делінген.

Б.Айқымбековтың айтуынша, көлік құралдарын уақытша тіркеуден өткізбеу шаралары қауіпсіздік мақсатында жасалып отыр. Бұл жұмыстар 2010 жылғы желтоқсанның 5-інен бастап қайта жүзеге асырыла бастайды.

«Бұл шешім Саммит кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалалық штабпен қабылданды. Бұл шара уақытша, сондықтан оған түсіністікпен қарауды сұраймыз», - деп атап өтті ол.