ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылар адам саудасының алдын алудағы күш-жігерді жұмылдыру туралы келісуі қажет - ЕҚЫҰ өкілі

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ -Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылар адам саудасының алдын алудағы күш-жігерді жұмылдыру және бұл мәселеде елдердің нақты міндеттерін айқындау туралы келісуі қажет.

Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «Мигранттарға қатысты төзімсіздік» сессиясында сөз алған ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі және үйлестірушісі Мария Грация Джиаммаринаро білдірді.

«Іс жүзінде ЕҚЫҰ-ның барлық елдерінде бұл салада туындайтын проблемалар бар. Әрине түйткілді жайттарды шешу жолдарын ерте қарастырған әрі біршама жоғары деңгейге көтерген елдер де бар. Бізде де, яғни ЕҚЫҰ кеңістігінде де жолға қойылған алдыңғы қатарлы тәжірибе жеткілікті. Дегенмен барлық елдерде жасалар жұмыстар әлі де көп», - деді ол.

Сөзін қорытындылай келе ЕҚЫҰ өкілі адам саудасымен күрес бағытындағы міндеттерді айқындауда елордада өтетін саммит жақсы тұғырнама болатындығына сенім білдірді.