Әуежай басшылығының пайымдауынша, бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келмейді. «Мемлекеттер басшыларынан басқа шетелдік делегацияларға тексерісті тек қайта ұшардың алдында жүргізетін боламыз», - дейді ол.
1 желтоқсан күні таңсәріде арасына бес минут салып Астананың әуежайына бірінен кейін бірі 70 ұшақ қонатын болады. Ұшақтар бас қаламыздың әуе кеңістігінде ұзақ қалықтап қалмас үшін, келіп қонған ұшақтарға неғұрлым жылдам қызмет көрсету үшін, Астана халықаралық әуежайы қосымша 113 арнайы техниканы сатып алуда, тағы 23-і Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Көкшетау әуежайларынан жалға алынатын болады. Олардың ішінде автотраптар мен ұшақтарды сүйретуге арналған техникалар бар. «Кейін сатып алынған техникалардың қажетін өзімізде қалдырып, қалғанын өңірлерге сататын боламыз», - деді әуежай өкілі.
Сондай-ақ Астана ауа райының ерекшелігі ескеріліп, ұшып-қону алаңдарын мұз бен қардан тазартып тұру үшін әуежайдың 15 техникасы, сондай-ақ жасалған келісімдерге сәйкес ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті мен қалалық қызметтердің жинауға арналған техникалар жоғары дайындық режіміне қойылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана әуежайының тұрағы 31 ұшаққа есептелген, келетін борттардың саны екі есеге көп болуы себепті тағы 22 ұшаққа арналған қосымша перрон салынды. 20 қарашаға қарай әуе кемелерінің экипаждарын орналастыруға арналған қонақ үйдің құрылысы аяқталады. Ал қайта жөндеуден өткізілген VIP-зал, Е.Керейдің сөзіне қарағанда, меймандарды қарсы алуға сақадай дайын.