ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі - әлемнің Елбасына, Қазақстанға деген сенімі

ОРАЛ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі - әлемнің Елбасына, Қазақстанға деген сенімі. Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетінде «ЕҚЫҰ-ға төрағалық - Қазақстанның демократиялық дамуындағы жаңа серпін» деген тақырыпта өткізілген дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Дүниежүзілік тарих және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушысы Тұрар Шайхиевтің атап өткеніндей, Астана Саммиті - теңдесі жоқ тарихи оқиға. Бұл Қазақстанның әлемдегі рөлі күн сайып артып келе жатқанын, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі зор екендігін білдіреді.

Дөңгелек үстел басында кафедра оқытушылары Әлия Кенжеғұлова, Эльвира Хабиевалармен қатар студенттер, қоғамдық ұйымдар өкілдері өз пікірлерін білдіріп, мұндай халықаралық деңгейдегі жиынды сәтті өткізу еліміз үшін абырой екендігін атап көрсетті.