Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік әділеттің қалыптасу мәселесі» атты тақырыпқа өткен халықаралық конференция барысында Палата Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет пен азаматтар арасындағы жаңа өзара қарым-қатынасы ретіндегі әкімшілік әділетті қалыптастыруда ең бастысы халықаралық тәжірибе зерделенуі шарт. Ескере кететін жайт, түрлі елдердегі әкімшілік әділет органдары, сондай-ақ әкімшілік сот судьялары халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз ықпалдастық байланыстар орнатқан. Ал Қазақстан үшін оның ЕҚЫҰ секілді белсенді ұйымға төрағалығы кезеңінде бұндай үдеріс өте маңызды өзектілікке ие болып табылады. ЕҚЫҰ өңірлерінде құқықтың салтанат құруын қатайтуға біз аса мән беруіміз керек. БҰҰ жүйесінде де соңғы он жылдықта әкімшілік сот құқығы жүйесін одан сайын жетілдіре түсуге бағытталған шаралар атқарылуда»,- деді М. Көпеев.
Сонымен бірге, сенатор көптеген мемлекеттердің тәжірибесі талқыланатын жиында әртүрлі өзекті пікірлер айтылатынына сенім білдіріп, бұның өзі әкімшілік әділетті жетілдіруге қатысты сындарлы ұсынымдар әзірлеуге септігін тигізетінін атап өтті. «Бұндай ғалымдар мен саланың білікті мамандары бас қоса ортаға салған ұсынымдары біздің одан кейінгі заң шығармашылығы үдерісімізде қаперге алынатын болады», деді ол.