«Ел арнада» - «Әзіл кеш»

None
АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - 22 қарашадан бастап «Ел арнада» «Әзіл кеш» бағдарламасы жаңа маусымын бастайды. Бұрын танымал сықақшы Уәлибек Әбдірайымов тізгінін ұстаған бұл бағдарлама жаңа форматта, жаңа жүргізушілерімен эфирге шығады. Бұдан былай кешіңізді әзілмен әрлейтіндер - сатирик Бейбіт Сарыбай мен актер Нұрбол Айтуов.

Қожанасырдан қалған қалжың мен Алдардан қалған әзілді ұсынатын бағдарламада «Тамаша», "Шаншар", "Алдараспан", "Күлкі керуені", "Бауыржан шоу" сияқты әзіл-сықақ театрларының қойылымдары және авторлары мен орындаушыларының өмірі жайлы әсерлі әңгіме ұсынылады. Өткен күннің әзілі мен бүгінгі күннің әзілінің арасындағы «бойы жетсе де, ойы жетпейтін» тұстары талқыға түседі.

Бұл жобаның жаңалығы - әзіл-сықақ театрлары әзірлеп әкелген қойылымдар «Әзіл кештің» студиясында орындалады. «Әзіл кеш» көрерменке күлкі сыйлайтын бағдарлама ғана емес, мұнда сатира сайыпқырандарының салиқалы әңгімесі де болады. Сондай-ақ шебер әзілдей білетін әртістер студияның талаптарын орындайды: мысалы, танымал актерлердің мәтінді жылдам оқу жүйріктігі тексерілуі мүмкін. Қысқасы, әзіл-сықақ театрларының актерлері «қара терге» түседі. Ол аз десеңіз, мұнда белгілі әншілерді басқа қырынан көріп, танымал әндерге пародия ұсынылады.

«Жалпы, жүзден аса арнаны көріп отырған бүгінгі көрерменді күлдіру оңай емес. Қазір талғам өзгерді, талап басқа. Сонымен бірге ресейлік, шетелдік емес, қазақы әзілге шөлдеп отырғанымыз рас. Осы тұрғыдан алғанда біз бәрімізге таныс, аса бір өтімді болған ескі әзілдер мен сиясы кеппеген жаңа қойылымдардың арасындағы тепе-теңдікті ұстағымыз келеді. Ал шақырылған қонағымыздың импровизациялық қасиеті мен ой-қиялының жүйріктін сынау үшін кейіпкер бейнесінде сұхбат беруін, тағы да басқа қызықты тапсырмалар орындауын талап етеміз. Бағдарлама авторлары көрерменнің көңілінен шығудан үмітті», - дейді «Ел арна» телеарнасының бас редакторы Әсия Бағдәулетқызы.

Жақсылары жымитып, көркемдері күлдіретін бағдарламаны 14 жасқа толған көрермендердің ата-аналарымен бірге отырып, 44 жасқа толған көрермендердің балаларымен бірге отырып, 64 жасқа толған көрермендердің немерелерімен бірге отырып көруіне болады, деп хабарлады «Ел арнадан».