«Ел арнадағы» «Саз әлемі» музыкалық жобасында еліміздің үздік әншісі анықталады

None
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Қазылар алқасы мен көрермендердің назарына тыңдарман арасында кең тараған, ғаламтордан көп жүктелген әндер ұсынылады. Шарт бойынша өнерпаз әнді фонограммасыз, жанды дауыста орындауы қажет. Қазылар алқасы бұра тартпай ән мен әншіге әділ бағасын беруге тырысады. Сондай-ақ, қазылардың оппоненттері де бар. Сарапшылардың міндеті мүмкіндігінше әншіні қорғап қалу. Бірақ көп жағдайда олай бола бермейді.

«Биыл біз байқауға жаңа екі номинация қостық. Олар: «Той» және «Ретро» аталымдары. Биылғы жобаның жаңалығы сол, - дейді «Саз әлемі» байқауының музыкалық продюсері Бағым Мұхитденова. - Алдыңғы жобаларда ретро және халық әндерімен қоса жаңа авторлық әндер де бірдей сайысқа түскен болатын. Яғни, біз хит әндерді бөлген жоқпыз. Биыл жаңа интерпретацияда көрініс тапқан ретро және халық әндері «Ретро» номинациясына, ал тойда орындалатын әндер, тойдың хиттері «Той» номинациясына кіреді. Мәселен, «Қызыл өрік» әні қазір хит болып тұр. Ол әнсіз қазір бірде-бір қазақ той өткізбейді. Бірақ, мұндай әндер ұлттық хит бола алмайды ғой. Бізде той мәдениеті деген бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, бұл әндерге жеке номинация арнауды жөн көрдік».

Бағым Мұхитденова, Алтынай Жорабаева, Айгүл Иманбаева, Алмас Кішкенбаев, Майра Ілиясова, Талант Арынғали, Жанар Айжанова, Сәкен Майғазиев, Алуа Құнарова - қазылар алқасының құрамы осындай.

Ұлттық музыкалық байқаудың мақсаты - жыл қорытындысы бойынша ең үздік әнді анықтау. Жоба басталғалы 6 бағдарлама эфирден өтіп, 49 әннің ішінен «Жылдың үздік әні» атанады-ау деген әндер мен «Жыл жаңалығы» атағына үміткер өнерпаздар іріктелініп үлгерді. Алдағы бағдарламаларда өнерпаздар «Үздік той әні», «Ретро», «Ең үздік әнші», «Үздік топ» номинациялары бойынша өзара сайысқа түседі.

Өткен жексенбі, 24 қараша күні өткен "Жыл жаңалығы" номинациясының үміткерлері:

1.Juniors тобы - 15

2.Сара Амангелді - 17

3. Адам - 16

4. "Достар" тобы - 12

5. "Сарын" дуэті - 14

6. Серік Ибрагимов - 11

7.Парасат Ыбыраев - 13

Келесі жексенбі, 1 желтоқсан күні «Ең үздік әнші» (жігіттер мен қыздар арасында) номинациясына үміткерлер:

Ерке Есмахан

Салтанат Бақаева

Айнұр Ешманова

Луина

Әли Оқапов

Жігер Ауыпбаев

Айқын Төлепберген

Телекөрермендер "Саз әлемі" жобасының қатысушылары үшін ұялы байланыспен 7045 нөміріне телефон шалу арқылы дауыс бере алады. Телефон шалу құны Kcell, Active, Beeline абоненттері үшін - 60 тенге. Дауыстар аптаның соңына дейін қабылданады.