Ауыл шаруашылығы министрлігі залалданған астықтың 128 тоннасын кері қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекцияларының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында елімізге залалданған ірі көлемдегі карантиндік өнімдерді әкелу әрекетінің жолын кесті.

Фото: Ауыл шаруашылығы

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында Ресейден карантиндік және фитосанитариялық қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 200 тоннадан астам азық-түлік астығы — бидай мен арпа анықталды.

Импортталған өнімдерден қауіпті карантиндік нысандар, атап айтқанда үш тілімді ойраншөп, жатаған кекіре (қызғылт) және арамсояу анықталды.

Инспекторлар жедел шаралардың арқасында жүктің 128 тоннадан астам бөлігі экспорттаушы елге кері қайтарылды.

Өнім иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Іс материалдары қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту үшін сот органдарына жолданды.

Министрлік еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы мен Қазақстан экожүйесіне қауіп төндіретін өнімдердің әкелінуіне жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Осыған дейін елге заңсыз әкелінген карантиндік өнімдердің жолы кесілгені туралы жаздық.