Ел аумақтарындағы 26 млн. гектар жайылымның жағдайы тым мүшкіл

АСТАНА.  20 қыркүйек. ҚазАқпарат -Елімізде 188 млн. гектар жайылым жері болса, соның 26 млн. гектарының жағдайы тым төмен.

 Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Жайылым туралы» заң жобасы талқыланған дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов осылай мәлім етті.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі күні елімізде 188 млн. гектар жайылым жерлер бар. «Оның ішінде 60 млн. гектары ауыл шаруашылығына қарасты аумақтағы жерлерде орналасқан, ал 21 гектар елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар, аталған 81 млн. гектардың ішінде 26 млн. гектар жайылым жердің жағдайы өте төмен болып отыр», - дейді Қ. Ыдырысов. Оның айтуынша, жайылым жерлердің тозуына бірқатар себептер бар. Атап айтқанда,  еліміздегі жалпы мал басының 80 пайызы елді мекендерде, жұртшылықтың, шаруашылықтың иелігінде ұсталады. Сондықтан да, олар елді мекеннің аумағындағы 5-7 шақырым радиуста ғана жайылады.

«Соның салдарынан  жайылымдар тапталып, өнімділігі тым төменге түсіп кеткен. Бұндай жайылымның тозуы малдың санын арттыруға да, олардың өнімділігін көтеруге де кері әсерін тигізеді», - дейді Қ. Ыдырысов. Оның сөзіне қарағанда, елімізде жайылымдарға қатысты құқықтық-реттеу мәселелері қамтылмай, арнайы заң нормаларының болмауы  жағдайды одан сайын ауырлатып отыр. Ал жайылымдар туралы арнайы заңдар көптеген елдерде, оның ішінде АҚШ-та, Қытайда, Моңғолияда, Қырғызстанда  қолданылады.