Ведомствоның түсіндіруінше, аты-жөнін ауыстыруға 16 жасқа толған азамат жеке өзі өтініш бере алады. Алайда оны тек қалауына қарай, ешбір негізсіз өзгертуге болмайды. Әр өтініш жеке қаралып, заңда көзделген дәлелді себептің бар-жоғы тексеріледі.
– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 257-бабында мұндай 13 себеп белгіленген. Олардың қатарында атының, әкесінің атының немесе тегінің оғаш естілуі не айтуға қиын болуы, ата-анасының бірінің ұлтына сәйкес келетін атты немесе текті алғысы келуі, сондай-ақ құжаттағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын ресми түрде алғысы келуі бар, - дейді төраға орынбасары.
Сонымен бірге еліміздің азаматы аты-жөнінің бір бөлігін ғана емес, бірнеше бөлігін қатар өзгерту туралы өтініш бере алады. Мысалы, тегін, атын және әкесінің атын бір мезгілде ауыстыруға болады. Бірақ мұндай жағдайда да өтініш заңда белгіленген негіздердің біріне сәйкес келуі қажет.
Осылайша, бір адамның аты-жөнін бірнеше рет өзгертуіне тікелей тыйым салынбағанымен, әрбір жаңа өтініш бойынша өзгертуге заңды негіз болуы шарт.