Ел азаматтары шетелден көбінесе қандай ауруларды жұқтырып келеді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шет мемлекеттерге барып келген отандастарымыз көбіне қандай ауру, инфекция немесе вирус жұқтырып келетіні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде шет елден келгендер арасынан жиі анықталатын дерт — безгек ауруы. Бірақ, жыл басынан бері безгек ауруы тіркелген жоқ. Сонымен қатар тропикалық инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге баратын азаматтар сақтық және алдын алу шараларын білуі қажет. Олардың ішінде аса қауіпті жұқпалы аурулар – тырысқақ, оба, геморрагиялық қызу кезігеді», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ҚазАқпарат тілшісі жолдаған ресми сауалға жауабында.

Ведомствоның ақпаратынша, кейбір елдерде инфекциялық аурудың табиғи ошақтары бар. Ондай жағдайда сақтық, шектеу шараларын білген жөн.

«Жұқпалы аурулар ішінен тырысқақ және Денге қызбасы шетелден келген отандастарымыздан немесе елімізге келген өзге де мемлекет азаматтарынан анықталып жатады. Тырысқақ және Денге қызбасы көбіне Үндістан, Индонезия, Тайланд, Пәкістан, Египет елдерінен келеді. Соңғы бір жылдың ішінде Денге қызбасы бойынша 3 шетелден келген (Бангладеш және Тайланд) жағдайы тіркелген, ал тырысқақ тіркелген жоқ», - дейді министрліктен.