Ел азаматтығы туралы заңнаманы бұзған 600-ден астам адам жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылғы 10 айда 18 мыңнан астам адам азаматтағын ауыстырды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілі бір адамға қатысты қос азаматтық фактісі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осы жылдың 10 айында басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдауына байланысты 18 мыңнан астам адам Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығарылды, оның ішінде 600-ден аса адам аталған бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтырғы осы кезеңде 16 мыңнан астам адам азаматтықтан шығарылып, оның ішінде 500-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Елімізге келетін шетелдіктерге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Шетел азаматтарының елде болуын бақылау ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің деректер базасымен біріктірілген ІІМ ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 496-бабы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамның Қазақстан азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануы жеке тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімнен асып кеткен уақытта хабарлау – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге алып келеді.
Заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы екі жағдайда тоқтатылады: өз еркімен шыққанда және азаматтықтан айырғанда.
Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан адамдар туралы мәліметті ішкі істер органдары он жұмыс күні ішінде Халықты құжаттандырудың деректер базасына енгізеді.
Еске салсақ, биыл қыркүйек айында ҚР Ішкі істер министрлігі қос азаматтық үшін жазаны қатаңдатуға қатысты түсінік берген еді. Бұл тұрғыда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қос азаматтық үшін жауапкершілікті күшейтуге ведомство қарсы емес екенін айтты.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан азаматтығын 20,2 мың адам алды. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған адамдардың ең көп саны: Өзбекстан, ҚХР, Ресей, Түрікменстан және Қырғызстанға тиесілі.