Ел бірлігі - елдіктің бастауы - Е.Сыдықов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті сайлауын өткізу жөніндегі шешімін еліміздің ғылыми орта өкілдері де қолдайды. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері «Ел бірлігі - елдіктің бастауы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция аясында үндеу қабылдады.

Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті.

«Сыртқы сын-қатерлерге төтеп беру үшін барлық мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар және барша халық қабылданған жоспарлар мен бағдарламаларды жүзеге асыру жолында топтасып, күш біріктіруі керек. Біз ғылыми орта өкілдері мен студенттер қауымы қабылданған шешімді толық қолдайтынымызды жария етеміз», - деді ол.

Е.Сыдықовтың айтуынша, Ел Президенті, Ұлт көшбасшысының шешімі халықтың мүддесінен туындап отыр. Сондықтан оны жүзеге асыру тұрақты даму үстіндегі экономикасы күшті мемлекеттің маңызды қадамы болады деп сенеміз.