Мамырдың 18-і күнгі Үкімет отырысында Ел бірлігі доктринасының жүзеге асырылу жобасы қаралып, талқыланған соң, мақұлданды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Виктор Киянский бұл жоспарды тиімді жүзеге асыру елдің әрбір азаматына байланысты деп санайды.
«Үкімет отырысында мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед барлық министрліктердің бұл іске белсенді араласып, барлық жоспарлы тапсырмаларды жүзеге асыру керектігі туралы айтты. Мен Доктринада көтерілген барлық мәселелерді тәжірибеге енгізуде бұл шешім өте маңызды деп ойлаймын. Жалпы, кең көлемді талқыға түскен бұл құжат қоғамға қажет», - деді В.Киянский.
Мәжіліс депутаты Доктрина дамып отыратын құжат болуы керек екендігін атап өтті.
«Ұлттық бірлік - оны өз жөнімен жіберуге болмайды. Яғни, әрбір ұрпақ бұл халықтың ең үлкен жетістігі екендігін қайта-қайта айтып отыруы керек. Ұлтаралық қатынастың келісімі туралы үздіксіз жұмыс жүргізіліп отыруы тиіс», - дейді В.Киянский.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы Доктрина жобасын талқылау барысында айтылған пікірлерге өте зейін салып қарады. Жоба Алматы, Астана қалаларында, аймақтардағы ұлттық мәдени орталықтарда өткен дөңгелек үстелдерде талқыға түсті. Талқылау бір жағынан бұл құжаттың қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе, екінші жағынан, Ассамблея барлық орынды пікірлерге құлақ салып, дұрыс ұсыныстарды қабылдайтындығын көрсетті», - деп атап өтті депутат.
«Мен Доктринаның қабылдануы - бұл біздің қоғамдағы зиялы, парасатты күштің үлкен жеңісі деп ойлаймын. Жалпы Доктрина жобасын талқылау барысында қандыйда бір қарсылық, текетірес туындаған жоқ. Тек белгілі бір мәселелерге қатысты пікір айырмашылығы болды», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.