Бүгін Астанадағы осындай бекеттердің қызметімен таныстыру кезінде Көліктік бақылау комитетінің басқарма бастығы Болат Смағұлов, биыл көшпелі бекеттерді ұйымдастыру мақсатында заманауи бақылаудың техникалық құралдарымен жарақталған арнайы көліктер сатып алынғандығын мәлім етті. Жыл соңына дейін тағы 16 мамандандырылған көлік алу жоспарланған.
Көлік бақылаушылардың айтуынша, мобильді бекеттер енгізу - жолаушылар мен жүк тасымалы қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға, жолаушылардың заңсыз тасымалдау орындарын анықтауға мүмкіндік бермек.
«Республиканың ірі қалаларында, елді мекендерде жеке меншік тасымалдаушыларды, автобустарды бақылауға алу қиынға соғуда. Бұл олқылықты жоюдың бір амалы республикалық деңгейдегі және қалааралық тасжолдарда көшпелі бекеттер орнату», дейді Б. Смағұлов.
Көліктік бақылау комитеті бастығының бұйрығымен көшпелі бекеттер наурыздың 12-сінен бастап жұмыс жасауда.