АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы «Хан-Тәңірі» стадионында футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші турында «Астана» Қостанайдың «Тобылын» қабылдады.
Өткен жылғы күміс жүлдегер «Астана» мен Қазақстан кубогінің иегері қостанайлықтар биыл да көштің алдыңғы қатарынан көрінуге мүдделі еді.
Бірінші таймда бұрыштамадан берілген доптан кейін 13-минутта «Тобылдан» Алиун Ндиайе есеп ашты.
Дегенмен 27-минутта Стас Покатиловпен жеке-дара шыққан Марин Томасов таразы басын теңестірді.
Бұл — М.Томасовтың «Астана» сапындағы 100-інші голы еді.
Екінші кезеңде Давид Энен 78-минутта «Тобылды» қайта алға шығарды.
Бірақ 93-минутта Станислав Басманов «Астанаға» бір ұпай әперді.
Қорытынды есеп — 2:2.
Бес турдан кейін 8 ұпайы бар «Тобыл» көш басына жақындай түсті. Елордалықтар 7 ұпаймен 6-сатыда тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).