АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары басталды.
Бірінші болып алаңға ел чемпионы «Тараз» бен «Ұшқын-Көкшетау» командалары шықты.
Биыл наурызда финалда «Павлодарды» жеңген тараздықтар өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанса, көкшетаулықтар соңғы, 9-орынға ие болып, ширек финалдан тыс қалған еді.
Бұл жолы Александр Стольников баптайтын «Ұшқын-Көкшетау» матчты тым-тәуір бастағанымен, «Тараз» көп ұзатпай-ақ ойын тізгінін қолына алды. Ақыры Юрий Башкатовтың шәкірттері 3:0 (25:18, 25:14, 25:14) есебімен жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Бірінші тур 27 қараша күні мәресіне жетеді.
Сенбі күні «Тараз» бен биылғы ел кубогының жеңімпазы «Ақтөбе» командалары суперкубокты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Өскеменде әйелдер командалары арасында волейболдан ел чемпионаты бірінші турының ойындары аяқталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).