Ел экономикасына трансұлттық компанияны тартуда АЭА-лар маңызды рөл атқарады - А. Айдаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экономикасына трансұлттық компанияны тартуда Арнайы экономикалық аймақтар маңызды рөл атқарады. Бұндай пікірді «KAZNEX INVEST» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Алмас Айдаров айтты.

«5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы инвестициялар тарту мақсатына, сондай-ақ Қазақстан экономикасына кем дегенде 10 трансұлттық компанияны тартуға айрықша мән беріп отыр. Бұл бағытта тікелей шетел инвестицияларын тарту бойынша алаң ретінде Арнайы экономикалық аймақтар маңызды рөл атқарады. Бұнда дайын алаңдар қажетті инфрақұрылыммен, тиісті салықтық және кедендік жеңілдіктер қамтылуда»,-деді А. Айдаров.

Атап айтқанда, 2020 жылға дейін барлық қолданыстағы Арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын жасақтау аяқталады.

А. Айдаровтың сөзіне қарағанда, жалпы 2015 жыл Қазақстандағы Арнайы экономикалық аймақтар үшін жемісті болды.

«Қазіргі кезде АЭА-ларда жалпы құны 2,3 трлн. теңгеден асатын 166 жоба іске асырылды. Олардың ішінде 34 ірі жоба шетелдік инвесторлармен бірлесіп жасалғандар. 2015 жылдың құрылысына тоқталатын болсақ, былтыр Арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 88 млрд. теңгеден асатын 17 ірі жоба  жүзеге асырылды.  Осы жобалар толық күшіне енгеннен кейін 2 мыңнан астам жұмыс орындары қамтылады»,-деді А. Айдаров.

Ал 2016 жылы барлық 10 Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында  жалпы 500 млрд. теңге сомадағы 53 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жақында жарияланған мақаласында  Ұлт жоспарының экономикалық блогына кіретін шаралар біздің экономикамыздың өңдеуші секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастыратыны атап өтілген. «Зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі жұмыстармен өңдеуші өнеркәсіптің, инфрақұрылымдардың, энергетиканың және басқа отандық компаниялардың 3 тобы қамтылатын болады.