Ел футболындағы елеулі оқиғалар

Фото: Фото: pixabay.com

Биыл ел футболында елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Ұлттық құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында өз тобында үшінші орынға тұрақтады. Аталған доп додасында ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыбергеннің голы үздік деп танылды. Сондай-ақ, қазақстандық командалар еурокубок ойындарында тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. 

Kazinform еліміздің футбол әлеміндегі басты оқиғаларға шолу жасайды.

Үздіктер қатарында үштіктен көрінді

Қазақстандық футболшылар H тобында сынға түсті. Алғашқыда футбол сарапшылары оларды өз тобында соңғы орынның бірін місе тұтады деген болжам жасаған еді. Десе де іріктеу сатысы барысында ел құрамасы жоғары деңгейде ойын көрсете білді.

Құрлықтық дода іріктеу сатысында олар Дания (3:2) мен Финляндия (1:0) құрамаларын бір мәрте тізе бүктірсе, Cолтүстік Ирландия (1:0, 1:0) мен Сан-Марино (3:0, 3:1) құрамаларын екі мәрте жеңді. Ал Дания (1:3), екі мәрте Словения (1:2, 1:2), Финляндияға (0:1) есе жіберіп қойды.

Қазақстан құрамасының 2023 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі он матчын 245 578 көрермен тамашалады. Өз алаңындағы бес матчқа барлығы 144 396 көрермен келді. Сырттағы бес кездесуге 101 182 көрермен жиналды.

Төрт құрамаға - бір жолдама

Қазақстандық құраманың құрлықтық додаға баруына әлі де мүмкіндік бар. Енді УЕФА Ұлттар лигасы плей-офф сатысы арқылы шығуға болады.

Ел құрамасының жартылай финал және финалдық ойындарын қай алаңда өткізетіні белгілі болды. Енді олар С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Қазақстандық футболшылар Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында бесінші мәрте бақ сынап отыр. Өз тобында 2008, 2012 жылдарда - 6, 2016, 2020 жылдарда - 5 орын алды.

Асхат Тағыбергеннің айтулы голы

Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің Дания қақпасына соққан голы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысындағы үздік атанды.

Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген 26 наурыз күні 86-минутта Каспер Шмейхельдің қақпасына гол соққан еді. Сол ойында біздің құрама 3:2 есебімен жеңіске жетті.

УЕФА-ның техникалық қадағалаушы мамандары құрлықтық доданың іріктеу сатысындағы үздік он голды анықтаған еді. Одан кейін жанкүйерлердің дауыс беруіне мүмкіндік жасалды. Еуропалық ұйымның мамандары Асхат Тағыбергеннің алыстан соққан голын сегізінші орынға лайықты деп санаған еді. Ал жанкүйерлер арасында ол бірінші орынға шықты.

Екінші және үшінші орындарға Албания құрамасының ойыншылары Ясир Асани мен Кристьян Асланидің соққан голдары лайықты деп бағаланды.

«Ордабасы» - жеңімпаз

Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде «Ордабасы» өз тарихында алғаш рет чемпион атанды. Шымкенттік клуб бұған дейін 2017, 2019 жылдарда қола жүлдеге қол жеткізді.

Биыл ел біріншілігі аса тартысты жағдайда өтті. Соңғы турларға дейін командалар бір-бірінен озып кете алған жоқ. Бас жүлде «Ордабасы», «Астана» және «Ақтөбе» клубтары арасында болды.

Шымкенттік клуб биыл қатарынан шетелдік және қазақстандық тәжірибелі командаларды қосты. Нәтижесінде доп додасы барысында нәтижелі ойындар өткізді. Жеңіс тұғырына көтерілді.

Қазірге дейін ел чемпионы атағына барлығы 10 команда қол жеткізді. Олардың арасынан елордалық «Астана» 7 мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілсе, Павлодардың «Ертіс» және «Ақтөбе» – 5, алматылық «Қайрат», семейлік «Елімай», елордалық «Жеңіс» – 3, Қостанайдың «Тобылы» мен Қарағандының «Шахтері» – 2, «Тараз» 1 мәрте алтын медаль алды.

Каканың шәкірттері Өзбекстанға барады

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды. Осылайша ел құрамасы дүбірлі додаға төртінші мәрте шығып отыр. Оның ішінде қатарынан үшінші мәрте айтулы аламанда бақ сынауға мүмкіндік алып отырғанын айта кеткеніміз артық болмас.

Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.

А тобында алты турдан кейін 18 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы турнир кестесінде бірінші орын алды. Олар бір тур бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысына жолдамаға қол жеткізген еді.

Ел құрамасы бұған дейін Румынияны 2:0, 4:3, екі мәрте Нидерландты 2:0, 2:0, Әзербайжанды 4:2, 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Осындай жетістігінен кейін ел құрамасы әлемдік рейтингте 6-орынға жайғасты. Әлемдегі ең беделді Futsal Planet порталының рейтингінде Қазақстан ұлттық құрамасы 6-орынға ие болды.

Сондай-ақ, олар УЕФА рейтингінде төртінші орынға табан тіреді. Бас бапкер Рикардо Каканың жетекшілігімен жаттығатын құрама құрлықтық рейтингте төртінші орынға табан тіреді. Еншісінде 2416,503 ұпай бар. Рейтингте біздің құрамадан жоғары Португалия (2615,953 ұпай), Испании (2547,159) және Ресей (2486,456) орналасқан.