Ел халқының 68%-ы кейінгі үш жылда өмір сүру жағдайының жақсарғанын байқаған

АСТАНА. KAZINFORM — Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталық (ҰТО) «Елді мекендердің дамуы мен халыққа арналған инфрақұрылымдағы өзгерістерді бағалау» тақырыбында жүргізілген зерттеудің қорытындыларын ұсынды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Сауалнамаға қатысқандардың 68%-ы кейінгі үш жылда жағдайдың жақсарғанын айтқан. Респонденттердің 82%-ы қазіргі өмір сүру жағдайына көңілі толатынын білдірсе, 68%-ы алдағы үш жылда жағдайдың одан әрі жақсаратынына сенеді.

ҰТО мемлекеттік саясат орталығының бас зерттеушісі Роза Тілеуханның айтуынша, зерттеу нәтижелері халықтың елімізде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық өзгерістерді оң қабылдайтынын көрсетеді. Сонымен қатар тұрғындар бұл өзгерістердің күнделікті өмірге нақты әсерін сезініп отыр.

Тұрғындар күнделікті өмір сүретін ортадағы оң өзгерістерді ең алдымен жолдардың жай-күйі, абаттандыру, саябақтар мен көгалдандыру салаларынан байқаған. Бұл бағыттар елді мекендерді одан әрі дамытуда да басымдыққа ие болып отыр. Сонымен қатар халық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру мәселесінде медициналық нысандарды, интернет пен мобильді байланысты, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға ерекше мән береді.

Сауалнама 2026 жылдың шілде-тамыз айларында телефондық сұхбат әдісімен жүргізілді. Іріктеме елдің барлық өңірлеріндегі 1 000 кәмелетке толған тұрғындарды қамтыды.

Зерттеудің толық нәтижесі Ұлттық талдау орталығының сайтында жарияланды.