«Ел іші - өнер кеніші» республикалық телевизиялық халық шығармашылығының іріктеу туры Ақтөбе облысынан басталады

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - 29 мамырда Ақтөбеде «Ел іші - өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауының облыстық туры өтеді.

 ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, байқауға Ақтөбе облысының көркемөнерпаз шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары қатысады. Сондай-ақ, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Байқаудың мақсаты - жаңа дарындарды анықтау және таланттарға, өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау көрсету, талантты адамдарға қолдау көрсетуге және олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау, Қазақстан халқы мәдениетін жандандыру, сақтау, дамыту және тарату, сондай-ақ жастардың ұлтжандылық тәрбие алуына, олардың ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарымен танысуына ықпал ету болып табылады.

Байқау музыка және би, театр өнері және оригиналдық жанр, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер атты жанрлық аталымдар бойынша өткізіледі.

Бүгінгі таңда байқаудың алдын-ала кестесі әзірленіп, ол облыстарда биылғы мамыр - қараша айлары аралығында өткізіледі. Осы кесте бойынша алғашқы байқаудың додасы Ақтөбе облысында өткізіліп отыр.

Ақтөбе облысы бойынша Байқаудың қазылар алқасының төрағасы болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор әрі орындаушы, «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі Жеңіс Сейдоллаұлы тағайындалды. Қазылар алқасының құрамына өнер саласындағы жергілікті білікті мамандар енгізілді.

Облыстың ең үздік ұжымдары мен орындаушылары Астанада өтетін байқаудың қорытынды гала-концертіне қатысады.