Ел қоржынына Париж олимпиадасының тағы бір жолдамасы түсті

АСТАНА. KAZINFORM -  Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров (58 кг) Париж Олимпиадасының лицензиясына ие болды.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі/Шамкен Байырбек

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жартылай финалда отандасымыз Филиппин өкілі Курт Бриан Барбосаны жеңді. Ұлттық құрама спортшысы екі раундта да айқын басымдылыққа ие болды. Есеп: 2-0.

Абабакиров осыған дейін Нұрхан Самидиновты (Қырғызстан), сосын Танакрит Йодракты (Таиланд) ұтқан болатын.

Бұл таеквондодан Ұлттық құраманың Париждегі ойындарға алған екіншісі жолдамасы. Кеше Батырхан Төлеуғали (-80 кг) алғаш болып «арнайы билетке» қол жеткізген.

Қытайдағы жарыста Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болады. Барлығы турнирде 33 мемлекеттен келген таңдаулы 96 таеквондошы күш сынасып жатыр.