Ортақ күш-жігер текетіреске тосқауыл қояды. Отырысты Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, дінаралық өзара түсіністікті нығайту істеріндегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына қолдау көрсеткендері үшін шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.
«Құрметті Съезд Хатшылығының XVІ отырысына қатысушылары! Сіздермен Астанада кезекті Съезд Хатшылығының дәстүрлі отырысында жүздескеніме қуаныштымын. Сіздер әрдайым дінаралық өзара түсіністікті нығайту жолындағы Қазақстанның игі бастамаларына белсенді түрде қолдау көрсетіп келесіздер. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына қосқан айтулы үлестеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ынтымақтастық әрі қарай да табысты жалғасын табады деп сенемін. Барлық қатысушылардың атынан барша мұсылмандар қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер», - деді өзінің сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар, ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін шақыру туралы қазақстандық бастама шеңберінде нығайып келе жатқан үнқатысу форумының айналасына мүдделі қатысушыларды көптеп тартып отырғанына тоқталды.
Жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы - Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы биылғы жылы Қазақстан Көшбасшысының бастамасымен конституциялық реформа жүргізілгенін, ол саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдары қызметінің құқықтық негіздерін жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.
Қ.Тоқаев өз сөзінде уақыт алдымызға қойып отырған көптеген сын-қатерлерге өткен жылғы Дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Президент Н.Назарбаев жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінен жауап табуға болатынын да айтты. Төрағаның пікірінше, VI Съезге қатысушы діни және саяси өкілдердің оны талқылауы қауіпсіз және әділетті әлем құру жолындағы мақсатқа жақындата түспек.
Әлемдік және дәсүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы - Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы өз сөзінде Хатшылық отырысы V Съездің шешімдерін тәжірибе жүзінде іске асыруға айтарлықтай деңгейде үлес қосатынына және жалпы, дүниежүзілік деңгейде кеңінен мойындалған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы үнқатысу мен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Рухани келісім - қауіпсіз әлемнің өзегі Хатшылық отырысы барысында әлемдік діндер өкілдері де сөз алып, өз көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Папа кеңесінің Қасиетті Тақтағы дінаралық үнқатысу бойынша Исламмен байланыс бөлімінің меңгерушісі Халед Акаше қазіргі таңда қауіпсіздік дүние жүзі үшін ең өзекті мәселеге айналғанына тоқталды.
«Сомаия Бхаратия Санскрити Питам» үнді мәдениеті орталығының директоры Калай Ачария, ең алдымен, Астананың ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін орын ретінде таңдалғанына қуанышты екенін жеткізді. Бұдан кейін Қазақстан Президенті қауіпсіз әлем құру жолында маңызды бастамалар көтеріп жүргенін, оған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі дәлел бола алатынын жеткізді.
Франция метрополиті Эммануил Адамакис те маңызды жиын - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің өтуіне белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
Жиын шеңберінде өз пайымдарымен бөліскен басқа діндер өкілдері де бұл ой-пікірлерді қуаттап, бейбіт, қауіпсіз әлем құру, соғыс өртін тұтатпау, текетірес пен шиеленіске толы оқиғаларды болдырмау жолындағы жұмыстарды одан әрі де жалғастыра беру қажеттігін, бұл рухани келісімге негіз қалайтынын атап өтті.
Отырыс аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар дін басшыларын «Шапағат» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, кейбір дін өкілдеріне Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медальды табыстады.