«Ел мерекесіне - берекелі тарту» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 9 тамыз, бейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ел мерекесіне - берекелі тарту» атты мақала жарияланды. Аталмыш мақалада Елбасының Ақмола облысындағы сапары жөнінде баяндалады. Басылымның жазуынша, астаналық облыс Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейелі мерекесіне өміріміздің бар­лық саласындағы серпінді та­быс­тарымен жақындап келеді. Мемлекет басшысының эконо­ми­ка­ның 7 пайыздық өсіміне қол жеткізу, ел тұрғындарының емен-жарқын тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі тұтқалы тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың ал­ғы­шарттары қалыптасып, сүбелі жемісін бере бастады. Бірінші жар­тыжылдықтағы үдемелі индус­трия­ландыру жобаларының аяқ алысын сараптаған облыс бас­шы­лығы жыл соңына дейін өңірлік жалпы өнім өсімін 622,5 миллиард теңгеге жеткізіп, 8 пайыздық өсімді еңсеруді діттеп отыр.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, тамыз айы тамылжып, дала жұмыстарының қар­баласты­ғы­мен ерекшеленуде. Диқандар ас атасы - нанның молдығы үшін тер төгіп, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланды. Нәти­же­сінде 391094 гектарға себілген дәнді-дақылдың қазіргі кезде 133243 гектарына орақ түскен. Және 254707 тонна алтын дән бастырылып, қамбаға құйылды. Қазір береке бастауы сана­ла­тын жауапты науқан өңірдің барлық аудандарында қауырт жүргізілуде. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жиын терін басталды» атты мақалада.

***

«Оңтүстіктің неке агенттіктері тоқал тауып берумен айналысады». Осындай тақырыппен «Айқын» басылымының бүгінгі санындамақала жарияланды.Басылымның жазуынша, биік мінберлерден екінші әйел алуды заңдастыру мәселесі қозғалғалы бері, «тоқал» деген сөзді құлағымыз жиі шалатын болды. Тіпті оңтүстік астанамыздың неке агенттіктерінің бірі «Тоқал» қызметін ұсынып отыр. Аты оғаштау естілетін бұл қызмет ер адамдарға екінші әйел таңдауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалық ер адамдарды ғана емес, нәзік жандыларды да ерекше қуантса керек. Неке агенттіктеріне барып, «Тоқал» қызметіне жүгінген қыздар да табыла кетті дереу. Білім іздеп, мансап қуып, өмірлік жарын кездестіре алмаған қыз балалардың талабы биік. Олар орташа табысты ер адамға емес, қалтасы қалың, жасы 40 пен 50-ді еңсерген жігіт ағасына ғана екінші жар болуға дайын екен. Ең қызығы, «Тоқал» қызметіне жүгінген қыздар «болашақ жарының» бәйбішесімен бірге тұруға да қарсы емес.

Сондай-ақ басылымның хабарлауынша, «Дәстүрлі отбасы мәдениетін жаңғырту қажет». Осындай тақырыппен жарияланған мақалаға Мәжіліс депутаты Камал Бұрхановтың жүргізуімен «Қоғам мен отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау саясаты» тақырыбындағы дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер арқау болған. Депутат Камал Бұрхановтың айтуынша, халық қалаулылары бұл мәселемен ежелден таныс, оны талай талқылап, таразылапты да. Соның нәтижесі - 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданған. «Алайда бұл заңның қабылданғанына, міне, 1,5 жыл уақыт болса да, бұл заңның жұмыс жасап отырғанын көре алмай отырмыз. Оған дейін жыл сайын 500 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болатын болса, бүгін де дәл сондай көрсеткішке ие боп отырмыз»,- дейді халық қалаулысы. Дөңгелек үстел отырысында көтерілген осы және өзге де мәселелер туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санынан білуге болады.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Келімсектердің кесірі азаяр емес» атты мақала жариялады. Басылымның жазуынша, еліміздің даму қарқыны үдеп, экономикасы ілгері басқан сайын көрші елдерден нәпақа айыру үшін келетін мигранттар легі күн санап артып келеді. Бірі заңды жолмен келсе, енді бірі заңды айналып өтеді. Ал соңғыларының нақты санын ешкім де дөп басып айта алмайды. Мигранттар қарасы көбеюмен қатар, олар тарапынан туындайтын мәселелер де артуда. Олар тек қана еліміздің еңбек заңын бұзып қана қоймай, қылмыстық әрекеттерге де жиі барады. «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың бес айында шетелдіктер тарапынан 726 қылмыстық, 60 мыңдай әкімшілік құқықбұзушылық жасалған. 2009 жылдан бері түрлі қылмыстар жасағандары үшін 338 шетелдік экстрадицияланған.

Сондай-ақ аталмыш басылымның бетінде «Қызылжардың демографиясы дімкәс күйде» атты мақала жарық көрді. Соңғы 12 жылда Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 125 мың адамға азайған. Бүгінде әрбір шаршы шақырым жерге алты кісіден ғана келеді екен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға қарқынмен кему үстінде. Статистика департаментінің мәліметінше, орташа есеппен облыстан бір жылда 4-5 мыңдай адам өзге мемлекеттерге қоныс аударуда. Көштің басы Ресей жаққа бағыт алған. Бұл мәселе жөнінде тереңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санын қараңыз.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, ел егемендігінің 20 жылдығына арналған темір жол арқылы ұйымдастырылған саяхат аясында Астанадан 10 тамызда «Менің Қазақстаным» атты пойыз жолға шығады. Пойыздың жолаушылары негізінен «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен әлеуметтік қызмет, денсаулық сақтау мен қаржы, құқы қорғау саласының өкілдері болып отыр. Сондай-ақ онда мәдениет саласы мен спорт жұлдыздары да бар. Он күні ішінде олар еліміздің қалалары мен ауылдарында болып, темір жол стансаларын аралайды. Ондағы мақсат республика халқын тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын ерекше салтанатпен атап өтуге шақыру.