Эльмир Алимжанов семсерлесуден Әлем кубогі кезеңінде «қола» алды

ҚАЗАН. ҚазАқпарат - Семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі Эльмир Алимжанов Татарстан астанасы Қазан қаласында өтіп жатқан Әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алимжанов жартылай финалда 2019 жылғы әлем чемпионы әрі Еуропа чемпионатының жүлдегері, венгриялық Гергей Шиклошимен кездескен болатын.

Тартысты жекпе-жектің жеңімпазы ең соңына дейін белгілі болған жоқ. Ал үшінші кезеңде бірнеше ұпаймен алға шыққан Эльмир бұл басымдықты сақтай алмады. Венгриялық спортшы шешуші сәтте бір ұпай еншілеп, 15:14 есебімен жеңіске жетті.

«Десе де, Эльмир Алимжановтың қола жүлдесі де үлкен жетістік екенін айта кеткен жөн. Себебі, қазақстандық шпага шеберлері бір жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысқан жоқ. Осынша үзілістен соң әлем кубогінен жүлде алу тек шын мықтылардың ғана қолынан келеді. Ал жарыс барысында Эльмир 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Оңтүстік Корея өкілі Сан Ен Пакты, кейін жапониялық талантты спортшы Акиро Коматаны ұтты», - деп жазады Olympic.kz.

Айта кетелік, қазақстандық Руслан Курбанов 1/32 айналымда жеңіліс тапты.