Бұны жергілікті ТНВ телеарнасының журналистері келіп түсіреді. Олар татар жастарының «Азатлық» деп аталатын ұйымының жетекшісі Наиль Набиуллин мен депутат-драматург Туфан Минниуллиннен оқиға орнында сұхбат алады. Бірақ осы кезде «ТНВ» арнасының тілшісі әрі жүргізуші болып істейтін Эльмира Исрафилова пикетке шыққан шовинистердің арандатуына ұшырайды. Тілшіге жөнсіз айып таққандардың айтуынша, Эльмира оларға «егер әлдекімге татар тілі ұнамаса, Татарстаннан кете беруіне болады» деген көрінеді. Пикетшілер болса: «Біз осында тудық, ата-бабаларымызды осында жатыр, қайда кетеміз?» деп жауап қатқан. Алаңға шыққан арандатушылар кейін тілшінің аузынан «мен татар тілі үшін кез-келгеннің кеңірдегін қиюға дайынмын» деген сөзді естігендерін айтқан. Осы оқиғадан кейін олар «Эльмира Исрафилованың экстремистік сипаттағы сөздеріне қарсы» қылмыстық іс қозғау туралы полицияға арыз жазады. Алайда, жергілікті құқық қорғау органдары тілшінің сөздерінен заңға қайшы келетін ілік таппай, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Ал Исрафилованың өзі алдын-ала тергеу барысында пикетке шыққандардың өзіне жала жапқанын жеткізген болатын. «Мен ондай сөздер айтқан жоқпын. Дауласпадым, олардың мақсатын ғана білгім келді. Бірақ оларға менің сұрағым ұнамады. Тіпті пикетшілердің біреуі намысыма тиетін сөз айтты. Бұл сөзге жағамды ұстап қайтып бара жатқанымда олар артымнан әр нәрсені айтып айғайлаумен болды» деген еді Эльмира Исрафилова.
Дегенмен журналистің мұндай сөздерді мәжбүрлікпен айтқанын мәлімдеген Татар ұлтшылдары бұл іске жұмыла кірісіп қыздарын қорғап қалды. Мәселен, татар жастар ұйымының белсендісі Рушан Гайфуллин осы оқиғаға берген бағасында «Оны туған тілін қорғағаны үшін қараламақ болды» деген пікір білдірген.