Тілшілер қауымы Э. Суханбердиевадан қандай салада жұмыс істеуге ниетті екенін сұрады.
«Кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бар, сондай-ақ ұстаздық етуге болады», - деді ол.
Сонымен қатар, ол сот үкіміне шағым түсіру үшін Жоғарғы сотқа жүгінуге ниетті екенін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты.
Оған 2500 АЕК көлемінде айыппұл тағайындау шешімі шығарылды. Жалпы, ол 5 948 900 теңгені төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік ұйымдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды және 2 айға қамауға алынды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Эльмира Суханбердиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
9 шілде күні сот отырысы өтіп, ол өз кінәсін мойындады.