Эльмира Сыздықова олимпиада ауылында болған сәттерімен бөлісті

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық Эльмира Сыздықова Рио-де-Жанейрода олимпиадалық ойында болған кездегі тұрмыстық жағдайы жайлы айтып берді.

 «Біраз пробламалар болды. Бізде унитаз бұзылып қала берді. Оның ағызу багын жөндеп отыруға тура келді. Шынымды айтсам, екі аптада өзім үйреніп алдым», - деді Э. Сыздықова журналистерге берген сұхбатында. - Жарық та өше берді. Кейде жарықсыз су қабылдауға тура келген кездер болды. Ал жалпы алғанда,  ұнады».

Оның айтуынша, спортшылар серуендеген кезде сақтықты да ойлап  жүрген. Өздерімен бағалы зат, ақша алып шықпаған.

«Менің аллергиям бар, тек тауық етін жеймін. Тағам түр-түрімен, жеміс-жидек мол болды», - дейді  спортшы.

Оған туыстары қолдау көрсетіп отырған. «Жарыс алдында анам кедергі болмау үшін хабарласпады. Whatsapp арқылы ауызша хабарламалар жіберіп отырдым. Ұйықтар алдында қайырлы түн тіледім, - деген ойымен бөлісті Олимпиада жүлдегері. - Отбасымызбен спортты жақсы көреміз. Олардың жиын, жарыс дегеннен хабары бар. Ата-анам да  еркін күресті таңдағаныма қарсы болмады».

Марапаттау рәсімінен кейін Эльмира үлкен спортқа жетелеген  інісі Райымбекке хабарлама жіберді.

Допингтік тексеру алдында Эльмира күні бойы комиссардың қатаң назарында болды, - деді оның бапкері Владислав Сутормин. «Допингке тексерілу үшін келдік, бұл рәсімді шегере тұруды өтінді. Эльмираның жанына ертіп қойған қыз оның соңынан   бір елі қалмады, тіпті дәретханаға да бірге барды», - деді ол.

Эльмира Сыздықова - Молдағұлова атындағы Қарағанды спорт мектебінің тәрбиеленушісі.  Әйелдер күресі бойынша ҚР халықаралық сыныпты спорт шебері.    2012 жылғы Жастар арасындағы Азия чемпионы.   2014 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.  2015 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.   2016 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Жеке бапкері  - Владислав Сутормин.

Қарағандыға 10 жыл бұрын СҚО-дан келген. Оған інісі Райымбек жол сілтеген.

Еске салсақ, Эльмира Олимпиадада мысырлық Энас Мұстафаны 7.4 есебімен жеңіп, қола иеленді. Бұл салмақ санатында чемпион жапондық Сара Досо, екінші орын  - ресейлік  Наталья Воробьева.