Ел нарығында өткен жылы жеңіл автомобиль сату 85 пайызға артты

АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2011 жылы 40266 жеңіл автомобиль сатылды. Бұл жайлы кеше Алматыда «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының 2011 жылғы қызметінің қорытындысына арналған баспасөз мәжілісінде айтылды.

«2011 жылы Қазақстанда  40 266 жеңіл автомобиль сатылды. 2010 жылы  ол 21 810-ды құраған болатын. Былтыр өсім 85 пайыз. Оның ішінде  «Астана Моторс» компаниясының үлесі  2010 жылы 2 273 дана болса,  2011 жылы 6069-ды құрап, өсім 167 пайызды құрады. Ал  компанияның сатылымдарының өсуі нарықтық қарқыннан 2 есе асты. Сондай-ақ басқа автомобиль компанияларының жеңіл автомобильдерді сату көлеміндегі «Астана Моторс» компаниясының үлесі былтыр  10 пайыздан  15 пайызға дейін ұлғайды», - дейді  Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов. Оның айтуынша, 2011 жылы Қазақстанда коммерциялық техника мен автобустардың 486 данасы сатылды. 2010 жылы ол 667 дана болған. Оның ішінде  «Астана Моторс» компаниясы 2011 жылы коммерциялық техника мен автобустар сатуды 120-дан   225-ке дейін арттырды. Өсім - 87,5 пайызды құрап,  нарықтық қарқыннан ол да екі есе  асып түсті. Соның нәтижесінде компанияның үлесі 2010 жылғы 25-тен 34 пайызға дейін өсті.