«Эль-Ниньо» құбылысының қуаты: Еуропада алда қандай қыс күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Арктикадағы полярлық құйынның әдеттен тыс ерте әлсіреуі және Тынық мұхитындағы қуатты «Эль-Ниньо» құбылысы Еуропадағы алдағы қысқа әсер етуі мүмкін. Алайда әзірге синоптиктер қыстың жұмсақ болатынын болжап отыр, деп хабарлайды Euronews .

Фото: freepik.com

Полярлық құйын – Арктика үстінде қалыптасатын күшті ауа ағындарының жүйесі. Әдетте ол суық ауаны солтүстік аймақта ұстап тұрады. Бірақ биыл қараша айының басында бұл құйынның әлсіреуі мүмкін. Ғалымдардың мәліметінше, мұндай құбылыс 1958 жылдан бері осы кезеңде алғаш рет байқалуы ықтимал.

Егер полярлық құйын екіге бөлінсе, оның салдары Еуропада екі-алты аптадан кейін сезілуі мүмкін. Дегенмен бұл бірден қатты аяз басталады дегенді білдірмейді.

Сонымен қатар Тынық мұхитында «Эль-Ниньо» құбылысы күшейіп келеді. Қазан айында мұхиттың бақылау аймағындағы су температурасы орташа көрсеткіштен 3,3 градусқа жоғары болған. Желтоқсанға қарай бұл айырмашылық 3,8 градусқа жетуі мүмкін. Бұл 2015–2016 жылдардағы бұрынғы рекордтан да жоғары көрсеткіш болмақ.

Метеорологтардың болжамынша, қарашада Еуропада ауа райы әдеттегіден жылы болады. Жалпы, әзірге қыс мезгілінің жұмсақ өтуі ықтимал сценарий саналады. Соған қарамастан, құрлықта ұзаққа созылатын суық кезеңдер мен қар жаууы да жоққа шығарылмайды.

Ғалымдар алдағы апталарда полярлық құйынның қайта қалпына келу-келмеуі ауа райын болжауда шешуші рөл атқаратынын айтады. Ал Рождество мерекесінде қар жауатынын әзірге сенімді болжау мүмкін емес.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайдың жасанды интеллектіні қауіпті ауа райын болжауға үйреткенін хабарладық.