Эль-Ниньо күшейсе, әлемді аптап ыстық күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылдың маусымына қарай Тынық мұхитының орталық және шығыс бөлігінде Эль-Ниньо құбылысы қалыптасуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл әлем бойынша температураның күрт көтерілуіне себеп болуы ықтимал. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: pexels

АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфералық зерттеулер басқармасына қарасты Климатты болжау орталығының мәліметінше, 2026 жылдың мамыр-шілде айларында Эль-Ниньоның пайда болу ықтималдығы 82 пайызға жетеді. Ал оның жыл соңына дейін сақталу мүмкіндігі 96 пайыз деп бағаланып отыр. Бұл туралы Futura-Sciences басылымы жазды.

Қазір Тынық мұхитының тропикалық бөлігіндегі су температурасы қалыпты деңгейге жақын. Алайда су астында жылу жиналып жатыр. Сарапшылар бұл жағдай Эль-Ниньоның дамуын жеделдетуі мүмкін екенін айтады.

Эль-Ниньо желдердің әлсіреуі мен жылы су ағындарының қозғалысы өзгерген кезде пайда болады. Соның салдарынан әлемнің әр аймағындағы жауын-шашын мен ауа райы құбылады.

Бұл климаттық құбылыс әдетте 2–7 жыл аралығында бір рет қайталанады. Ол Оңтүстік-Шығыс Азияда, Австралияда және Африканың оңтүстігінде қуаңшылық туғызады. Ал Перу, Эквадор және АҚШ-тың оңтүстігінде нөсер жауынның күшеюіне әсер етеді.

Климатологтар Эль-Ниньо 2026 жылдың екінші жартысында күшейсе, 2027 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

– Жаһандық жылыну үдерісіне байланысты 2026 жылдың өзі Эль-Ниньосыз-ақ рекордтық ыстық жылға айналу қаупі бар. Егер Эль-Ниньо 2026 жылдың екінші жартысында байқалса, 2027 жылдың тарихтағы ең ыстық жыл болуы ықтимал, – деді Ирландияның ұлттық метеорологиялық қызметінің климатологы Тидо Семмлер.

«Эль-Ниньо» атауын XIX ғасырда Перу мен Эквадор балықшылары енгізген. Олар жағалауда пайда болатын әдеттен тыс жылы ағысты осылай атаған. Бұл құбылыс Рождество қарсаңында балық аулауды азайтқандықтан, оны испан тіліндегі «сәби» немесе «Христос сәбиі» мағынасындағы атаумен байланыстырған.

Бұған дейін Шымкент пен Түркістан облысында аптап ыстық күтіліп отырғаны хабарланған еді. Сондай-ақ Орталық Азия елдері топырақты қорғауға арналған ауқымды климаттық жобаны әзірлеп жатыр.

Бұл туралы кореялық саапшының климаттық сын-қатер экономиканың жаңа драйверіне айналатыны туралы айтанын жаздық.