Ел өңірлерінде өрттерде 5 адам мерт болды

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - 16 қаңтар күні сағат 08.46-да Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Б. Момышұлы ауылында орналасқан жекеменшік тұрғын үйден өрт шықты.

Өрт сағат 09.15-те сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Жамбыл облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 4 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды. Жалын шарпыған аумақ 15 шаршы метрді құрады. Өрт орнында екі адамның мәйіттері табылды.

Кеше сағат 23.35-те Алматы облысының Текелі қаласында Бөлтірік шешен көшесінің бойындағы бір қабатты 4 пәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт басталды. Жалын ҚР ТЖМ Алматы облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 3 адамы мен 1 техникасының күшімен 00.25-те сөндірілді. Үш шаршы метр аумақты шарпыған өрт орнында 51 жастағы әйелдің мәйіті табылды.

Сондай-ақ түнгі сағат үш шамасында Ақмола облысына қарасты Макинск қаласындағы пәтерден өрт шықты. Жалын 15 минутта сөндірілді, құтқарушылар екі адамның мәйіттерін тапты.

Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Ақмола облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 4 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды. Жалын бір шаршы метр аумаққа тарады.