Ел өңірлерінде сайлау құқығы мен сайлау жүйесін насихаттауға бағытталған шаралар ұйымдастырылады

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - Ақпанның 4-5-інде ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ қоғамдық бірлестігімен ел өңірлерінде ҚР сайлау құқығы мен сайлау жүйесін насихаттауға бағытталған шаралар ұйымдастырады.

Бұл ақпаратты ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі таратып отыр.

«Бұл шаралар аясында жастардың Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарымен, сайлау комиссиялары мүшелерімен, мүдделі мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың және олардың жастар құрылымдық бөлімшелерінің, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бейресми кездесулерін ұйымдастыру көзделіп отыр», делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар шаралар барысында Қазақстан Республикасының жасы 16-ға толған азаматтарына жеке куәліктер табыс ету рәсімі, жас сайлаушылар үшін сайлау заңнамасын білу бойынша сынақ өткізілетін болады.

Ұйымдастырушылардың алдына қойып отырған басты мақсаты - сайлаудың демократиялық ұстанымдары мен постулаттарының еліміздің миллиондаған азаматтарының санасына берік орнауындағы рөлін ашу, жас сайлаушылардың Конституциямен кепілдендірілген демократиялық бостандықтарын іске асыру аясында мемлекетті басқаруға тікелей немесе өздерінің еркін сайланған өкілдері арқылы қатысу құқықтары мен мүмкіндіктерін білдіру және түсіндіру.

Айта кетейік, Еуропа елдері сайлауды ұйымдастырушылары қауымдастығының бастамасымен 2010 жылы ақпанның 6-сында Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтудегі басты мақсат - демократияландыру процесінің тұрақтылығын қоғамдық санаға сіңіру, қоғамды сайлау процесінде қол жеткізілген табыстар туралы хабардар ету, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға пейілділігін қалыптастыру.