Ел өңірлерінде қант қанша тұрады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қант әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енгізілген. Яғни, бағасы реттеледі деген сөз. Бірақ ел аймақтарында қант бағасы бойынша сәл-пәл айырмашылық бар екен. Мұны Kazinform агенттігінің тілшісі өнім бағасын зерттеу барысында көз жеткізді.

Ең арзан қант Ақтөбе мен Ақтаудан табылды. Аталған өңірлерде өнімнің бір келісі 400 теңгеден төмен. Ал, көптеген аймақтарда 400-ден 420 теңгеге дейінгі аралықта. Атап айтсақ, Қостанай мен Қызылордада 400 теңге, Петропавл мен Павлодарда 410 теңге, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Алматы, Астана, Орал қалаларында 420 теңге тұрады. Тараз бен Талдықорғанда – 430 теңге, Атырау, Семей, Қонаев, Түркістан және Өскеменде қанттың келісі 450-460 теңгеге дейін жетеді. Көкшетауда қанттың бір келісі 500 теңгеге тең.

Коллаж: dall-e kazinform

Бұл – ең көп қолданатын түйіршіктелген қанттың бағалары. Ал, тазартылған қанттың салмағы жарты келі болатын қорапшасы 400 теңгеден басталады. Дәл осындай көлемдегі өнім екі мың теңгеден де сатылады. Бірақ құрамында карамель дәмі немесе витамині бар. Құрақ қанттың бір келісі екі мың теңгеден басталады. Кокос жаңғағы одан да қымбат – 200 грамы 2,5 мың теңгеден, кокос пальмасынан алынған органикалық түрі дәл сондай салмақ үшін 7,2 мың теңгеден сатылады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 13 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда түйіршіктелген қанттың орташа құны келісіне 414 теңгені құрайды.

Ең арзан қант Ақтөбеде, ондағы орташа баға 379 теңгеге тең. Ал, ең қымбаты Петропавлда (орташа баға - 439 теңге). 

Globalproductprices.com порталы сәуір айында 82 елде жинақталған қант бағасы туралы деректерді ұсынды. Сайттың мәліметінше, әлемде тәтті өнімнің орташа бағасы 1,52 АҚШ долларын (725 теңге) құрайды. Ең төмен баға Пәкістанда – 0,61 АҚШ доллары (291 теңге), ең қымбаты – Гонконгта 3,19 АҚШ доллары (1 520 теңге). Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 1,38 доллар (658 теңге) бағамен 47-ші қатарда тұр.