Ел ордасынан елдің барлық өңіріне қарай сапалы автомобиль жолдарын көптеп салу қажет - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланатынын мәлімдеді. Бұл жайында Президент Астана қаласы активімен кездесу барысында айтты.

«Бізге ел ордасынан елдің барлық өңіріне қарай сапалы автомобиль жолдарын көптеп салу қажет. Құрылыс жұмыс орындары мен кәсіпорындар тапсырысын қамтамасыз етеді, ел экономикасының көлемін кемітпеуге мүмкіндік береді. Үкімет осы мәселемен айналысып жатыр, оны жүзеге асыруға Астана да атсалысуы тиіс», - деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрақтылық пен барлық азаматтардың теңдігі еліміздің мызғымас ұстанымдары болып қала беретініне тоқталып өтті. «Кейбір қайраткерлер бәрінің атын ауыстыруға, көшелер мен мекемелердің атауын бір тілде жазуға бейім. Мұны тоқтатқан жөн. Тағы да қайталағым келеді: патриоттығыңды оның қажет емес кездерінде көрсетуге ұмтылудың керегі жоқ. Конституцияда тілдер мен этностарға қатысты барлық нормалар нақты көрсетілген. Бұл - біздің артықшылығымыз, біздің көпұлтты тұрақты мемлекет ретіндегі брендіміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.