«Ел пікірі ескерусіз қалмайды» - баспасөзге шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 маусым, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында белгіленген 93-қадамдағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылдау тапсырмасы бойынша, 3 жыл көлемінде осы бағытта заңды дайындау жұмыстары жүргізілді. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, қаржылық есеп аудиті мемлекеттік стандарттары бойынша принцип мәнін есепке алып және таңдауды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда, жергілікті бюджеттен бастап, 2019 жылы Есеп комитеті аудитіне республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне дайындалу міндеті тұр. Қаржылық есеп аудиті есепке алынбаған активтер және міндеттемелерді көрсету үшін іске асырылады. «Сонымен қатар, ішкі мемлекеттік аудит комитеті бұзушылық фактілерді анықтау және ескерту жасау әдіс-тәсілдеріне өзгерістер енгізуде. Халықаралық талаптарға сай, біз көзделген нысандардан міндетті түрде бұзушылық тауып, айыпталушыларға шара қолдануға келген қарсылас ретінде емес, керісінше, жағдайды тәртіпке салу үшін және болашақта құқыққа қайшы істердің қайталануына жол бермеу бағытында жұмыс жасауымыз қажет», - деді вице-министр. Мақала «Қаржылық бақылау қатаң болмақшы» деген тақырыппен берілген.

«Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның алғашқы көшпелі мәжілісі Көкшетауда өткізілді. Оның жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті. «Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерді талқылау» күн тәртібін қарастырған отырысқа Республикалық комиссияның 29 мүшесі, облыстық ведомстволардың, шаруашылық құрылымдарының басшылары, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Ел пікірі ескерусіз қалмайды» деген тақырыптағы мақалада. Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған оның Астанада өткізілген алғашқы үш мәжілісі ел ауқымындағы өзекті мәселені талқылауда сарабдалдық пен салиқалық үлгісін танытқанын атап өтті. «Онда пікір алуандығы мен ашықтығының қамтамасыз етілуі орнықты шешімдер қабылдануына негіз бола алады. Бұл орайда ел мен жерді бөліп қарауға болмайды. Сондықтан, комиссия мүшелерінің ақылдасу аясын аймақтарға шығару туралы ұсынысы қызу қолдау тапты. Алғашқы мәжілістің астаналық Ақмола облысында шақырылуы да кездейсоқ емес. Бұл өңір  елордамыздың агломерациялық аймағын қалыптастырушы әрі еліміздегі агроөнеркәсіп өндірісі дамыған аймақтардың бірі. Сондай-ақ, Көкшетаудағы мәжілісіміз Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келуін жақсы нышанға балаймыз. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын», - деді бірінші Вице-премьер. Басылымның жазуынша, мәжіліске қатысушы Республикалық комиссия мүшелері Кенжеғали Сағадиевтің, Ибрагим Жанғоразовтың аталы сөзін, Қуаныш Айтахановтың, Ақылбек Күрішбаевтың, Иван Сауэрдің, Жексенбай Дүйсебаевтың, Мұрат Әбеновтің салиқалы пікірін, Әкім Жанұзақовтың, Досмұхамбет Көшімнің, Айдос Сарымның байыпты байламдарын ықылас қоя тыңдады.

***

«Кеше Қарқаралыдан 200 шақырым жердегі Дағанделі өзені бойындағы қыратта Шанышқалы Бердіқожа батырдың мавзолейі салтанатты жағдайда ашылды», - деп жазады  «Казахстанская правда».   Қазақтың ұлы ойшылы, тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мәліметтеріне сәйкес, Абылай ханның ең сенімді батырларының бірі, Жоңғарға қарсы Ұлы жүздің қолын бастаған батырдың мүрдесі ол қайтыс болғаннан соң 230 жылдан кейін 2012 жылдың мауысым айында қайта жер қойнына берілген еді. Бұған қоса Ресей Ғылым академиясының ғалымдары Татьяна Балуева мен Елизавета Веселовская Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп, батырдың бет-бейнесін қайта сомдап шыққан еді.  Толығырақ «Батыр, защитник, дипломат» деген материалда.

***

«Хорошо сядем». «Время» газетінде дәл осы тақырыппен берілген мақалада Қазақстанның 6 облысында таяу уақытта жайлы камералары бар жекеменшік түрмелердің ашылатындығы айтылған. Басылымның жазуынша, түзеу мекемесінің құрылысы үшін Астана, Петропавл, Қызылорда, Орал және Қарағанды қалаларында жер телімі де бөлінген. Бұл қалалаларда келесі жылы жобалық-сметалық құжаттарын дайындау ісі қолға алынбақ. Ескі абақтылар сүріліп тасталмақ. Шымкентте 1500 орынға арналған заманауи түрменің мұндай құжаты дайындалу үстінде. Инвесторлардың қаржысы салынатын түзеу мекемесінің камерасы әлемдік стандартқа сай болады.